Кроуфордпен айқас үшін 20 млн доллар сұраймыз - Пакьяо кеңесшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат -  38 жастағы Мэнни Пакьяоның кеңесшісі Майкл Конц  филиппиндіктің бірінші орта салмақтағы WBC және WBO нұсқалары бойынша чемпион американдық Теренс Кроуфордке қарсы айқасқа 20 миллион доллар көлемінде гонорар сұрайтындығын мәлім етті,  деп хабарлайды Аllboxing.ru.

Өткен қарашада Пакьяо 27 жасар американдық Джесси Варгасты жеңген болатын. Ол айқас үшін алты миллион доллардан сәл көптеу қаржы алды. Бұл Пакьяоның соңғы 8 жыл ішіндегі  ең аз гонорары.

Пакьяоның  Top Rank компаниясымен енді ешқандай келісімшарты  жоқ.

"Егер Top Rank компаниясы Мэнни Пакьяоның Кроуфордпен айқасқанын құп көрген болса, онда Кроуфордпен жекпе-жекке шығуға дайынбыз»,- дейді Конц. - Бірақ біз кепіл берілген 20 миллион долларды қалаймыз».

Басылымының жазуынша, Top Rank басшысы Боб  Арум Филиппинге барып Пакьяомен алдағы айқасты талқыламаққа бел буып отыр.