«Кіріптарларға» қауіп: келешекте зейнеткерлер болмауы мүмкін

Коллаж: Kazinform / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары әлем елдерінде жиі көтерілетін тақырып – зейнет жасы, қашан да талас пен тартысқа толы, кейде қоғамның дүмпуіне түрткі болатын мәселе. Мәселен, кәрі құрлықтағы Дания бірінші болып зейнетке шығу кезеңін 70 жасқа көтеру бастамасын қолдады. Көп ұзамай басқа да дамыған елдер осыған ұқсас тақырыптарды талқыға шығара бастауы ықтимал. «Болашақта зейнетақы жүйесі жоғалады» деген болжамдар да жоқ емес. Ал оның салдары қандай болуы мүмкін, бұл бастамаларға не итермеледі? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы тақырыптың демографиялық һәм экономикалық жақтарына үңілді.

Қазақстандықтар бейнеттің зейнетін 12-14 жыл көреді

Әлем халықтарының қартайып бара жатқаны анық. Дегенмен бұның өзі екіұшты мағына береді. Біріншіден, кәрілік – өмірдің соңына жақындау, яғни жастардың азаюы. Екінші жағынан қарасаңыз, жаһан жұртшылығы бұрынғыға қарағанда ұзағырақ өмір сүре бастады. Мәселен, Жапония, Швейцария секілді елдердің халқы орта есеппен 85 жыл ғұмыр кешсе, АҚШ жұртшылығының әр азаматы 80 жылға жуық жер басады. Қазақстандықтар орта шекте, бір халықтан кем, келесі қоғамнан біршама артық өмір сүреді.

Инфографика: Kazinform

Осы тұста бір дүниеге назар аудартқымыз келеді. Кестеде біз ұсынған macrotrends дерегінде Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасы 74,1 жыл деп көрсетілген. Дегенмен Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы мәліметін шолсақ, өткен жылдың қорытындысында елдегі орташа өмір сүру жасы 75,4 жылға жеткенін көруге болады. Біз бұл тұста қай дереккөз шын немесе жалған деп жіктемейміз. Өйткені айырмашылық аз, оның үстіне macrotrends те - сенімсіз дереккөз емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының, халықаралық бірлестіктердің және әр елдегі ресми биліктің деректеріне жүгініп, сандар түзеді.

Енді қарайық, әр елде бейнеттің зейнетін көру жылы да әртүрлі екенін топшылауға болады. Мәселен, жапон халқы шамамен 20 жыл, америкалықтар – 12 жыл, қытайлықтар – 17-22 жыл, қазақстандықтар – 12-14 жыл зейнеттің «рахатын» көре алады. Дегенмен зейнет тек жылдарға емес, зейнетақының мөлшеріне де байланысты екенін ұмытпаған абзал. Ал ол экономикаға қарай әр елде әртүрлі белгіленген.

Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде 200 еуродан (120 мың теңгеден астам) басталып, 2 500 еуроға (1,5 млн теңгеден көп) дейін төлейді. Одақта орташа зейнетақы – 1 300 еуро (800 мың теңгеге жуық). Қытайда жағдай мүлде басқа, 100 юаньды (7,5 мың теңге) қанағат тұтатын ауыл зейнеткерлері де, 6 100 юаньнан (440 мың теңгеден аса) көп алатын бұрынғы мемлекеттік қызметшілер мен оқытушылар да бар.

Көрші Ресейде орташа зейнетақы мөлшері – 23 448 рубль (150 мың теңгеден астам). Бізде де соған шамалас – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша елдегі 2,5 миллионға жуық қарттың орташа зейнетақысы 143 мың теңгеден асты.

70 жастағы адам еңбек етуге жарай ма?

Жалпы, әлем елдерінің басым бөлігінде зейнетке шығу жасы 55-тен басталып, әрісі 67-ге жетеді. Дегенмен Еуропада бұл межені 70-ке көтеру туралы бастамалар іске асуға жақын. Соның бірі – жаңа айтып өткен Дания.

The Copenhagen Post жазуынша, жергілікті кәсіподақтар қазір 69 жаста адамдардың дұрыс жұмыс істей алатынына күмәнданып отыр. Соған қарамастан билік зейнеткерлік жасын бірнеше кезеңмен көтеруге кірісті. Осылайша зейнет жасын 70-ке көтерген Еуропадағы алғашқы ел атанбақ.

Фото: pixabay.com

2006 жылы Дания зейнеткерлік жасты елдегі орташа өмір сүру ұзақтығына байланыстырған болатын. Енді соған сай әрбір 5 жыл сайын елдегі зейнеткерлік жас қайта қаралып отырады. Бұған дейін Данияда халық 67 жаста зейнеткер атанатын.

Бұл елде зейнетақы көлемінің ең төмені 1 800 еуродан басталады. Қарттары кез келген дүниеден тарықпай, еркін өмір сүре алады. Жаңа заң бойынша зейнеткерлік жасы кезең-кезеңмен өсіріледі: 2030 жылдан бастап – 68 жаста, 2035 жылдан бастап – 69, 2040 жылдан бастап – 70 жаста бейнетінің зейнетін көрмек. Демек, 1971 жылдан кейін туғандар 70 жасын күтпек.

Әйтсе де реформа оппозиция тарапынан сын туғызғанымен, қоғам аса дүр сілкінбеді. Өйткені әлемдегі ең әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде Дания кедей және осал топтарды жақсы қолдайды. Жұмыс өтілі аз азаматтарға, тіпті күнкөріс шегі көлемінде жалақы алғандарға өтілін жақсартуға септеседі. Егер қандай да бір адам 60 жастан кейін еңбек етуге қабілетсіз болса, толығымен мемлекеттің қамқорлығына алынып, 2 мың еуроға дейін жәрдемақы иесі атанады.

Айтпақшы, зейнет жасын көтеру түгілі тарихта зейнетақы жүйесін мүлде алып тастау туралы бастама көтерген елдер болды. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Чили, 2000 жылдарға дейін Ресей мен АҚШ осы мәселемен бір толғанды. Қазір сол көзқарасты құптайтын жекелеген сарапшылар да жетерлік. Айтары қарапайым: «ата-анасын мемлекет емес, бала бағуға тиіс!» Дегенмен мемлекеттер қоғам көзқарасын ескеруге мәжбүр уақытта оны заң жүзінде әлі ешкім іске асыра қоймас.

«Зейнет жасын көтеру өлім-жітімді көбейтуі мүмкін»

Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұжырымына салсақ, елде 65 жастан асқандардың үлесі халықтың 7 пайызынан асса – халықтың қартаю процесі тым артқан болып есептеледі. Дегенмен демограф Шынар Пазылбекқызы бұл тұжырым қазір маңызын жоғалтқанын айтады, тек өткен ғасырда өзекті болған. Себебі ол уақытта көптеген халықта қарттардың үлесі 7 пайыздың шамасында тұрды.

– Қазір әлемде ең қартайған елдердің көшбасында Жапония тұр. 2023 жылы мұнда 65 жастан асқандардың үлесі халықтың 29 пайызына жеткен еді. Одан кейін кәрі құрлықтағы Португалия, Италияда 25 пайызға жақындап қалды. Қарап отырсаңыз жаңа айтқан 7 пайыздан әлдеқайда алшақтық бар. Сондықтан келешекте халықты қартайған санау үшін 65 жастан асқандардың үлесін 20 пайыз деп белгілеу бойынша пайымдар айтылып жатыр, – дейді маман.

Фото: Шынар Пазылбекқызының жеке мұрағатынан

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның өзінде 65 жастан асқандардың үлесі қазір 9 пайыз төңірегінде. БҰҰ-ның өзгермей тұрған тұжырымына салсақ, біз де қартайған елдердің қатарына қосылып тұрмыз. Дегенмен бір анық дүние – келешекте Қазақстанда да, әлемде де қартаю процесі күшейе береді. Ең әуелі бұған халықтың өмір сүру жасының ұзаруы әсер етеді. Медицинаның дамуы, білімнің артуы, денсаулығын күтуге деген көзқарастардың өзгеруі, салауатты өмір салты – халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырды.

– Қазақстан үшін әлі де өзекті болмауы мүмкін, дегенмен дамыған елдерде туу көрсеткіші тым төмен, тіпті 1 әйелге шаққанда 2 балаға да жетпейді, кейбірінде 1 баладан да келмейтін нәтижелер шықты. Ал демографияда халықтың өнімділігі тұрғысынан әр әйелде 2 баладан кем болмауы керек, – деді Шынар Пазылбекқызы.

Демографтың айтуынша, қартаю процесінің үдей беруі әлемде еңбекке жарамды адамдардың азаюына соқтырады. Бұл жерде көбі назар аудара бермейтін демографиялық жүктеме бар. Мысал ретінде, еңбекке жарамды 1 000 адамға 14 жасқа дейінгі қанша бала мен 65 жастан асқан қанша қарт келеді деп есептеледі. Себебі балалар мен қарттар еңбек адамдарына «кіріптар» ретінде саналады.

– Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 1 000 еңбекке жарамды адамға шаққанда кәрілерді қоспағанның өзінде 800 баладан келеді. Ал шығыс пен солтүстік аймақтарда 1 000 еңбекке жарамды адамға шаққанда қарттар мен балаларды қоссаңыз да 500-600 шегінен аспайды.

Әсіресе бізде Шығыс Қазақстан облысының ахуалы еуропалықтарға ұқсас. Бұл өңірде 65 жастан асқандардың үлесі 18 пайызға жетті. Жалпы Қазақстанға ортақ көрсеткіштен 2 есе жоғары. Алдағы уақытта да деңгейі көтеріле беретіні анық. Демографиялық саясатта осы арқылы өңіраралық ерекшеліктерге мән беру керек екенін түсінеміз, – деп қосты сарапшы.

Фото: t.me/statistika_rasmiy

Осы тұста Шынар Пазылбекқызы Қазақстандағы тағы бір ерекшелікті атады. Дамыған елдерде қартаю процесі туу көрсеткішінің баяулауымен түсіндірілсе, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында бұл туу көрсеткішінің төмендеуімен қоса миграциялық көші-қонмен де байланысты. Жастар басқа елге немесе үлкен мегаполистерге көшіп кетеді де, кәрі адамдар қалып қоя береді.

– Ал зейнет жасын көтерудің бірнеше себебі бар. Кей елдер зейнет жасында да еңбек етуге мүмкіндік беріп жатса, басқа компаниялар зейнет жасына жеткен қызметкерлерінің өзін жібергісі келмей жатады. Неге? Себебі қартаю процесі тым жеделдеген елдердің еңбек нарығына жастар жетіспейді.

Бюджет кірістерінің өзі еңбек нарығындағы адамдардың жеткілікті болуына, салық төлеушілердің мол болуына байланысты. Ал балалар мен қарттар зейнетақы, жәрдемақы арқылы бюджетке шығын алып келеді. Сондықтан зейнет жасын көтеру де шығындарды азайтатын демографиялық процестің бірі саналады. Туу көрсеткіші азайса, келешек еңбек нарығына келетін жұмысшылар да кемиді, оның соңы зейнет жасын көтеруге мәжбүрлейді, – деді Шынар Пазылбекқызы.

Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы көп елде әртүрлі екені мәлім. Кемі 3-5 жас айырмашылық болады. Физиологиялық жағынан әйелдердің еңбекке төзімділігі аз екені алға тартылады. Әйтсе де зейнет жасын ауыл халқы мен қала халқына түрлі етіп белгілеу керегін де айтушылар бар.

– Бұған келіспеймін. Болашақта Қазақстанда зейнет жасы мәселе ретінде көтерілсе, мен адамдардың жұмыс істейтін саласына байланысты жіктеуге болады дер едім. Өнеркәсіп, өндіріс аймақтарында, зауыт немесе фабрикада, яғни зиянды жерлерде іс қылатындар үшін зейнет жасын төмендетуге болады.

Біз үш негізгі демографиялық процесті атаймыз: туу, көші-қон, өлім-жітім. Ал зейнет жасын көтере беру өлім-жітім процесін көбейтуі мүмкін. Адамдардың еңбек етіп жатқан саласына қарамастан оларды міндеттеу арқылы межені көтере беру – денсаулығына, өмір сапасына зиян тигізеді. Әрине, бұл – менің маман ретіндегі жеке болжамым, – деп қорытындылады демограф.

Мәселенің экономикалық салдары бар

2025 жылдың маусымында Қазақстанның зейнетақы қорындағы актив 22,9 трлн теңгеге жеткен. Кейінгі 10 жылдық аралықта қордағы қаржы 5 еседен астам өсіпті. Жинаққа еңбек етуші халық табысынан жырып, тұрақты қаражат аударып отыр. Қордағы қаржы теңгемен ғана емес, шетел валютасында, шетелдік облигациялар мен құнды қағаз түрінде де әртараптандырылып сақталған.

Дегенмен әлем халықтарымен қатар, қазақстандықтардың да қартаю процесі келешекте үдей беретіні анық. Сондықтан дамыған елдердегі секілді зейнет жасын көтеру, жүйені жою секілді бастамалар алдағы уақытта жиі талқылана бастайтындай. Экономист Андрей Чеботаревтың айтуынша, кез келген мемлекет зейнетақы төлемдеріне кететін шығындар мен бюджет кірістері арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек.

Фото: Андрей Чеботаревтың жеке мұрағатынан

– Егер егде жастағы адамдар көбейіп, жұмыс істейтіндер азайса – еңбек етушілерден алынатын салықты көбейту керек болады. Бұндай кезде зейнетақыны қысқарту, зейнет жасын көтеру мәселесі де қозғалады. Осылардың ішінде соңғы нұсқа – зейнет жасын көтеру таңдалады. Бюджет тұрғысынан ауыртпалығы аз жол – осы. Бірақ оның әлеуметтік-саяси мәселе екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан бұндай шешім қоғаммен диалогті талап етеді, – дейді сарапшы.

Экономист халықтың қартаюы елдің өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететінін айтады. Бюджеттен әлеуметтік төлем алатындар еселене береді. Ал еңбек етіп жатқандарға салмақ артады. Өйткені табыстың көп бөлігі тұтыну мен инвестицияларға емес, зейнетақы жүйесін қамтамасыз етуге жұмсалады. Салдарынан халықтың сатып алу қарқыны бәсеңдейді. Жалпы экономика да әлсіреуі мүмкін, себебі қарттар ұзақ мерзімге арналған тауарларды ала бермейді, қаржылық тәуекелге бейім емес, инвестицияны аз жасайды.

– Болашақта елдер зейнетақы моделінен мүлде бас тартуы мүмкін бе? Осы сценарий талқыланып жүр. Әсіресе, технологиялардың дамуы мен еңбек нарығының өзгеруіне байланысты жиі айтылады. Бірақ қартайған адамды әлеуметтік қорғаудан мүлде шектеп тастау мүмкін емес шығар. Ол әлеуметтік тұрғыдан дүмпу тудыруы мүмкін. Сондықтан зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгеріп жатса да, егде жастағы адамдарды ұжымдық түрде қамтамасыз етудің қандай да бір формасы бәрібір сақталады, – деп топшылады Андрей Чеботарев.

Фото: pixabay.com

Айтпақшы, 2021 жылдан бастап еліміздің зейнетақы жүйесінде «жеткілікті шек» деген түсінік пайда болды. Егер бір адамның зейнетақы жинағындағы ақша жеткілікті шектен асып тұрса, артылған ақшасын баспана алуға немесе емге жұмсай алатын тетіктер шықты. Сол кезде жұрт жапатармағай артылған ақшасын шешудің жолдарын тапты, тіпті «ем алуға» деген мақсатты көрсетіп, жеке медициналық орталықтар арқылы алаяқтыққа барғандар кездесті.

Қазір 30 жастағы адамның «жеткілікті шегі» – 4,58 млн теңге. Мысалы, жинағында 6 млн теңге жатқан болса, 1,5 млн теңгеге жуық қаржысын белгілі бір мақсаттарға жұмсай алады.

Алайда билік көзқарасы да, көптеген сарапшы да осы тетікті мүлде жою керегін аңғартып келеді. Әсіресе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жиі айтылады. Әзірге нақтысы беймәлім, әйтсе де жақын аралықта «жеткілікті шек» тетігі түбегейлі алынып тасталуы мүмкін.

Жас буын ортақ зейнетақыдан қағылады

Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылы ғана құрылды. Осы қорға жұмыс істейтін әр азамат табысының 10 пайызын аударып отырады. Қазір елімізде қарттарға төленіп жатқан зейнетақы үш бөліктен тұрады.

Біріншісі - базалық зейнетақы. Барлық ел азаматтарына зейнеткерлік жасқа толған кезде есептеледі. 2025 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге, ең жоғары мөлшері – 50 851 теңге болды.

Екіншісі - ортақ зейнетақы. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек етіп үлгерген азаматтарға ғана төленеді. Еңбек өтілі мен орташа айлық табысқа байланысты мөлшері бекітілген. 2025 жылы ең төменгі ортақ зейнетақы 62 771 теңгеге жетті.

Еңбек өтілін 1998 жылдан кейін бастағандар болашақта дәл осы ортақ зейнетақыдан қағылады. Қазіргі жас – келешектегі қарт тек базалық зейнетақы мен өзі қорға жинақтаған қаржыдан үлесін алады. Шамамен ортақ зейнетақы 2040 жылдардың басында толық жойылады.

Ал үшіншісі - жинақтаушы зейнетақы, яғни 1998 жылы құрылған жинақтаушы зейнетақы қорына аударған қаражатына байланысты есептеледі. Кім көбірек жинаса, жақсы зейнетақы алуына мүмкіндік бар.

Коллаж: Kazinform

Айтпақшы, айтылғандардан бөлек міндетті кәсіби жарна деген де бар. Ауыр, зиянды жерде еңбек етушілер үшін табысының 5 пайызы мөлшерінде қосымша жарна ретінде аударылады. Ал азаматтар бейнетінің зейнетін мол көргісі келсе, ерікті жарна аударуына болады. 10 пайыздық межеден асырып, жинаққа қалағанынша аударған адам келешекте көбірек зейнетақы алады.