Круиздік кемелердегі неміс туристері Парсы шығанағында қалып қойды

Фото: Wikimedia.org

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы дағдарыстың ушығуына байланысты мыңдаған демалушы Парсы шығанағы аймағындағы круиздік лайнерлерде қалып қойды. Бұл өңірде АҚШ-тың әскери базаларын Израиль мен АҚШ соққыларына жауап ретінде Иран тарапы атқылап жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Куәгерлердің айтуынша, жексенбі күні таңертең зымыран Mein Schiff 4 кемесінің маңына түскен. Аталған лайнер қазіргі уақытта Абу-Даби (Біріккен Араб Әмірліктері) айлағында тұр. Теңіз үстінде қара түтін будақтағаны байқалған, деп хабарлады Bild басылымы.

Кемедегі жағдай шиеленісе түскен. Шамамен 2 500 жолаушы мен 1 000-ға жуық экипаж мүшесінің арасында зардап шеккендердің бар-жоғы әзірге белгісіз. Жексенбі күні шамамен 2 000 жолаушы Дубайдан Германияға қайтуы тиіс болған.

Mein Schiff 4-тен бөлек, Mein Schiff 5 лайнері де зардап шекті. Ол Доха портында тұр.

Оның жолаушылары сенбі күні сапарларын аяқтап, Катар астанасы Дохадан Германияға ұшып кетуді жоспарлаған. Олардың кейбірі тіпті ұшақтағы орындарына жайғасып үлгерген кезде рейстер тоқтатылған. Жолаушылардың айтуынша, олар әуежайда шамамен 10 сағат күтіп, кешке қарай қайтадан Mein Schiff 5 бортына жеткізілген. Жолаушылар багаждарын әуежайда қалдыруға мәжбүр болған.

Кемелердің бортында қатаң қауіпсіздік шаралары енгізілген: сыртқы палубаға шығуға тыйым салынған, барлық адамдар кеме ішінде қалуы және мүмкіндігінше терезелерден аулақ жүруі тиіс.

Мезгіл-мезгіл жолаушылардың смартфондарына Катардың азаматтық қорғаныс қызметінен жақындап келе жатқан зымырандар туралы ескерту хабарламалары келіп түсіп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлыбритания АҚШ-қа Иранға қарсы өз Әуе күштерінің базаларын пайдалануға рұқсат бергенін жаздық.