Ұлттық парк орманшысы Жомарт Аманбаев ілбістің тіршілігін зерттеу мақсатында биік тау жоталарына орнатқан фототұзақ ерекше кадрларды түсіріп алған.
Бірнеше ай бұрын дәл осы аумақта үш кішкентай күшігімен бірге объективке іліккен ілбіс бұл жолы да ұрпақтарымен бірге байқалды. Қыс мезгілінде түсірілген кадрлардағы күшіктердің қазір айтарлықтай өсіп, анасымен бірге таулы өңірде еркін қозғалып жүргені көрінеді.
Мамандардың айтуынша, жабайы табиғатта мұндай көріністердің тіркелуі — өте маңызды ғылыми дерек. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың табиғи мекенінде қауіпсіз өсіп, көбейіп жатқанын және экожүйенің тұрақтылығын айғақтайды.
Ұлттық парк қызметкерлері мұндай бақылаулар ілбістің популяциясын зерттеуге және оны қорғау шараларын жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін мамандар ілбістің табиғи мекендегі тіршілігін спутник арқылы зерттеп жатқанын жазғанбыз.