ҚСЗИ: Азаматтардың басым бөлігі елдің саяси бағыты мен тұрақтылығына сенеді

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қазан айында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесі қазақстандықтардың 81,1%-ы саяси курсқа қолдау білдіретінін әрі елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді екенін көрсеткен. Бұл туралы ҚСЗИ мәлім етті.

Әлеуметтік-демографиялық талдау көрсеткендей, ең жоғары әлеуметтік оптимизмнің деңгейі дәстүрлі түрде жастар арасында басым. 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 85,5%-ы елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтындарын білдірген.

Ауыл тұрғындары елдің даму бағытын бағалауда неғұрлым оптимистік көзқарас танытты — олардың 84,3%-ы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Ал қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 79,1%-ды құрайды.

Жыныстық тұрғыдан алғанда, әлеуметтік оптимизм деңгейінде айтарлықтай айырмашылық байқалмайды: ерлердің 80,5%-ы және әйелдердің 81,7%-ы елдің даму бағытын оң бағалайтынын көрсеткен.

Фото: ҚСЗИ

— Азаматтардың саяси курсқа қанағаттанушылық деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі елдегі тұрақтылықты бағалау. Тұрақтылық әлеуметтік-экономикалық даму мен жеке әл-ауқаттың негізгі шарты болып табылады. Осыған байланысты сауалнамада бұл тақырыпқа арналған жеке сұрақтар блогы енгізілді, — делінген хабарламада.

Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі жағдайды тұрақты деп санайды. Респонденттердің 74,6%-ы Қазақстанда тұрақтылық сақталып отыр деп есептейді. Әсіресе жастар арасында бұл көрсеткіш 80,6%-ға жетеді. Гендерлік тұрғыда ерлердің 76,1%-ы, әйелдердің 73,5%-ы елдегі ахуалды тұрақты деп бағалайды.

Ауыл тұрғындарының арасында оң жауаптардың үлесі 76,7%-ды, ал қала тұрғындарының арасында — 73,3%-ды құрайды. Бұл қала мен ауылдағы қоғамдық көңіл-күйдің жалпы оң бағытта сақталып отырғанын көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін халықтың 86%-ы Қазақстан Президентіне сенім білдіретінін жазған едік.