ҚСЗИ сарапшысы валюталық дәліздің кеңейтілуі туралы пікірін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Валюталық дәліздің 5 пайызға кеңейтілуі соншалықты алаңдаушылық туғызатын мәселе емес. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов айтты.

«Бұл жағдай әзірге ешқандай қауіп төндірмейді. Егер Ұлттық банктің бұған дейінгі валюталық дәлізді кеңейткенін еске алатын болсақ, дәліздің айтарлықтай кең болғанына қарамастан, теңгенің долларға шаққандағы бағамы біршама тұрақты түрде өзгеріп отырды», - деп атап өтті маман.

Оның айтуынша, кейбір мамандар аталған валюталық дәлізді енгізудің және теңгені тұрақты ұстап тұрудың қиын болатынын айтуда.

«Дегенмен жағдайдың соншалықты алаңдайтындай емес екенін айтқым келеді. Ұлттық банктің жасап отырған қадамын теңгенің біраз төмендейтініне дайындық деп қабылдауға болады. Бірақ мәселе теңге бағамының төмендеуінде ғана емес, бағамның қалай төмендейтінінде және қанша уақытқа созылатынында», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан әлі де сыртқы факторлардың әсеріне шалынып отыр оның ішінде мұнай бағасының құлдырауы да әсер етпей қоймайды. «Біз әлі де бағалардың төмендеуі әсерінен шыққан жоқпыз. Сондықтан бұл фактор біздің экономикамызға әлі де әсер ете береді», - дейді В. Додонов.