Жиында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов ЖИ көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс екенін айтты.
Мұндай талап шілде айында күшіне енген Цифрлық кодексте бекітілген елі. Осылайша, Цифрлық кодекс жасанды интеллектіні қолдануға жаңа мүмкіндіктермен қатар, нақты талаптар да енгізді.
– Соның бірі – жасанды интеллектінің көмегімен жасалған контентті міндетті түрде таңбалау. Бұл талапты сайлауалды үгіт кезінде және түрлі ақпараттық науқандарда ескеру қажет. Контенттің жасанды интеллект көмегімен әзірленгені көрсетілуі керек. Бұл азаматтардың саналы таңдау жасауына және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді спикер.
Сондай-ақ институт директоры бүгінгі кездесудің негізгі тақырыптарына тоқталды.
– Біз ешбір саяси партияны қолдамаймыз және үгіт жүргізбейміз. Біздің міндетіміз – сайлауалды үдерістерді бақылап, талдау жасап, олардың даму үрдістеріне сараптамалық баға беру, – деді ол.
Еске салайық, 23 тамыздағы Құрылтай сайлауында тіркелген жерінде болмайтын азаматтар кез келген учаскеде дауыс бере алады.