Астана әкімдігінің мәліметінше жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушылардың басын қосып, кітап оқуды насихаттау мен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ірі ұлттық бастамалардың біріне айналады.
Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
− «Кітап оқитын мектеп» — 6-10 сынып оқушыларына арналған;
− «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттеріне арналған;
− «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған;
− «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына арналған;
− «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командаларға арналған;
− «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілерге арналған;
− «Кітап оқитын зиялы» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын азаматтарға арналған.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы жасақталған 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы керек. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылады. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енген. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілген.
Марафонның негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйекте басталып, 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Қатысушылар кітап оқып, жеке кабинетінде олар туралы қысқаша пікірлерін жариялайды. 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік викториналар өтеді.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады:
− 1-орын — 600 000 теңге;
− 2-орын — 450 000 теңге;
− 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт — Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейтінін атап өтті.
— Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» атты тұңғыш республикалық марафонға тіркеу ашып, осылайша әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иелері мен қызығушылық танытқандарды кітап төңірегіне топтастыратын үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы қазіргі өмірдің маңызды бөлігіне айналдырып, кітап оқитын ұлттың — мықты, білімді әрі ойлы ұлт екенін көрсете аламыз деп сенемін, — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу тәртібі, бағыттар бойынша ережелер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған.
Айта кетелік күн сайын 2 мыңнан аса адам елорда кітапханаларына барады.