«Кітап оқитын ұлт» жобасына екі аптада миллионнан астам адам тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қатысуға екі аптаның ішінде миллионнан астам қазақстандық тіркелді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Жоба Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қатысушылар байқаудың жеті бағытының бірін таңдай алады. Тіркелгеннен кейін олар алты ай ішінде 15 кітап оқып, ұйымдар, аудандар, қалалар мен өңірлер деңгейіндегі бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. Өңірлік кезеңдегі сайыс командалық форматта ұйымдастырылады.

– Небәрі екі аптаның ішінде миллионнан астам адамның тіркелуі бұл бастаманың халық арасында үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетеді. Кітап оқу мәдениетін дамыту – баршамызға ортақ міндет, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.

Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша төрт мыңға жуық қатысушы «Жыл оқырманы» атағы үшін жарысты жалғастырады. Бұл кезеңде жүлделі орын алғандарға ақшалай сыйлық қарастырылған. Бірінші орынға 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі.

Келесі кезеңде қатысушылар эссе жазып, оқыған шығармалары бойынша таныстырылым жасап, сарапшылар алқасының алдында сөз сөйлейді. Нәтижесінде әр өңірден он үздік оқырман анықталады.

Астанада өтетін республикалық финалға еліміздің 20 өңірінен 200 адам қатысады. Олар тестілеуден өтіп, байқау тапсырмаларын орындайды және қазылар алқасының алдында білімін сарапқа салады.

Финал қорытындысында Қазақстанның үздік он оқырманы анықталып, олардың әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде бас жүлде беріледі.

Айта кетейік, Астана мектептерінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды.