Кітапханадағы ғасырлық тарихы бар кітаптар қалай сақталады

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбедегі облыстық кітапханада 700-ден аса ескі кітап бар. Оның көбі орыс тілінде жарық көрген энциклопедия болса, кейбірі қазақ ақын-жазушыларының Мәскеуде, кейін Алматыда басылып шыққан шығармалары. Kazinform тілшісі кітапхананың құнды жәдігерімен танысты.

Қолға ұстамайды, электронды нұсқасы бар

Кез кезген оқырман кітапханадағы сирек кездесетін кітаптар қорындағы шығармаларды алып, таныса алады. Тек оларға түпнұсқасы емес, электронды нұсқасын береді. Себебі кітапхананың қорындағы бұл кітаптардың бәрі цифрландыру кезінде сканерден өтіп, әр беті тазартылып, электронды кітап етіп жиналған. Мұндағы кітапты көбіне ғылым жолына түскен зерттеушілер, мұғалімдер парақтайды. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Абай Құнанбаевтың 1936 жылы Мәскеуде басылып шыққан өлеңдер жинағы сақтаулы. Кітап орыс тілінде. Бір кітабы араб тілінде жарыққа шыққан екен. Бірақ оның қай жылы баспадан шыққаны белгісіз. Сонымен бірге соғыс жылдарынан кейін, тың игеру кезінде басылып шыққан шығармалар бар. Онда Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен өзге де ақын-жазушылардың кітаптары жинақталды. Қорда «Манас» жырының 1946, 1962 жылдары кітап болып басылып шыққан нұсқасы сақтаулы. Энциклопедиялар бұрын ақпараттың көзі болған. Мұғалімдер, ғылыми мақала жазатын адамдар географияға негізденген жинақты қарап, таныса алады. Бұл кітап 1898 жылдан бастап жарыққа шыққан. Ал Л.Толстойдың жинағы 1884 жылы баспаған шыққан екен. Қазір кітаптың мұқабасы жоқ. Сирек кездесетін кітап саны — 782, — деді кітапханашы.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақын-жазушылардың қолтаңбасы бар кітаптар да бөлек сақталады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында қолтаңбалы кітаптар да бар. Ақын-жазушылар өз қолымен кітапханаға тілек жазып берген.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мұнда Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовтің кітабы мен қолтаңбасы сақтаулы. Мұндай кітаптың саны 400-ге жуық.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Кітапхананың жалпы кітап қоры 315 мың болып тұр. Оқырмандарға сұраныс бойынша көркем әдеби кітаптар, өнер мен өлкетану бағытында әдебиеттер, ғылыми-танымдық басылымдарды тауып бере аламыз. Көркем әдеби кітаптың үлесі басым. Шетел әдебиеті мен аудармалар да, ағылшын тіліндегі нұсқасын да табуға болады. Жыл сайын кітап қоры толығады. Ол үшін алдымен оқырман сұранысы зерттеліп, анықталады. Әр бөлімде кітапханашылар сұранысқа ие кітапты белгілеп отырады. Бізде жоқ болса баспаханалардан, кітап дүкендерінен іздеп, қарап аламыз. Ол үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді, мемлекеттік тапсырыспен аламыз, — деді С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Айгүл Крымкулова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеліктер арасында жеке кітапханасын тапсыратын адамдар да бар. Ақын Сәбит Баймолдин, тарихшы Нұртаза Абдоллаев кітапханасындағы кітапты тапсырды. Кітап қабылдаумен қатар, мұнда есептен де шығарылады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Есептен шығару жұмысы жыл сайын жүргізіледі. Ол кітапхана қорын жаңартуға бағытталған жұмыс. Тізімде Кеңес дәуірі кезінде жарыққа шыққан техникалық кітаптар да бар. Оларды ешкім пайдаланбайды, тозығы жеткен. Ал құнды сирек кітаптар сақталады. 75-100 жылдан асса осы қорға беріледі. Тізімі Ұлттық кітапханаға жолданады, — деді әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл кітапхананың оқырмағын 30 мыңнан асты. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, елімізде алматылықтар кітапханаға жиі барады. Мұндағы оқырмандар саны — 2,8 млн. 2025 жылдың жалпы кітап қоры 1 372 423 дана, оның 432 257-і қазақ тілінде, 911 125-і орыс тілінде және 27 656-ы шет тілінде.