Ал КТК эфирінде тура осындай атаумен көрермендерге көрсетілген жобаның «Наша Казаша» жобасын құрушылардың жұмысына ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар, бұл жағдай авторлық құқықты бұзу болып табылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Наша Казаша» жобасын құрастырушылар Дәуіт Шайхисламов пен Нұртас Адамбаев мәлімдеді.
«Жоба атауы - жоба құрастырушылары ойлап тапқан дүние және де осы атауды, оның белгісі мен логотипін қолдану құқығы Шайхисламов пен Адамбаевқа, яғни бізге тиесілі болып табылады», - деп атап өтті олар.
Естеріңізге сала кетейік, әйгілі британдық «Little Britain» скетч-шоуының бір түрі болып табылатын ресейлік «Наша Russia» жобасына ұқсас қазақстандық әзіл-оспақ «Наша KZша» («Наша Казаша») жобасы 2007 жылдың 30 қараша күні Алматы қаласында (Республика сарайында) алғашқы рет іске қосылып, кейінірек бағдарлама КТК телеарнасында көрсетіле бастады.
Өзінің алғашқы рет көрсетілген сәтінен бастап жоба жоғары табысқа жетті: жоғары рейтинг, үздіксіз гастрольдер, миллиондаған жанкүйерлер, бүкіл ел бойынша ашылған жанкүйерлер клубы, кино және телевизия продюсерлерінің тарапынан түскен он шақты ұсыныстардың нәтижесінде 2012 жылға қарай жоба өзінің танымалдығының шыңына жетті. «ФОРБС» журналының соңғы нөмірлерінде еліміздегі ең бай шоу-бизнес өкілдерінің рейтингісінде «Наша Казаша» жобасының үшінші орынды иеленуі осыны растайды.
Жоба біршама уақыт бойы «КТК» телеарнасының эфирінде шығып жүрді. Кейін Шайхисламов пен Адамбаев бағдарламаны жауып, «7 арна» эфиріне ауысып, рекорд жасауды және ең жоғары телевизия рейтингтеріне қолжеткізуді жалғастыра берді. 2011 жылы «7 арнаның» эфирінде осыған ұқсас бағдарламалар мен «Ауылдан қашу» деп аталатын сериал көрермендерге жол тартты. Этикалық көзқарастарға байланысты апта сайын шығып жүрген «Наша казаша» бағдарламасының нұсқасын «KZ-ландия» атауымен шығару ұйғарылды.
Осындай жоғары табыс пен танымалдыққа жету - жоба қатысушыларының барлығының орасан зор дене және ой еңбегінің нәтижесінде мүмкін болды! Өзінің жеке өнімдері мен тұрақты шығармашылық мүмкіндіктері бар бизнес құрылымға айналғаннан кейін Дәуіт пен Нұртас аталған жобаны оның нағыз шырқау шыңына жеткен шағында жабу туралы шешімді қабылдады. «Алайда бұл шешім бизнестің өзін жауып тастауды білдірмейді», - дейді олар.