КТК тарифті өзгерту мәселесін қарастырып жатқан жоқ – Бас директор
АСТАНА. KAZINFORM - «Каспий Құбыр Консорциумының» акционерлері әзірге мұнай тасымалдау жүйесі бойынша тарифті өзгерту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы КТК бас директоры Николай Горбань ПМЭФ-2025 аясында өткен іс-шараның кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі Finmarket-ке сілтеме жасап.
– Біздің тариф біркелкі, стандартты, оны өзгерту туралы қазіргі таңда ешқандай талқылау жоқ. Акционерлердің бірі бұл мәселені дивидендтен көбірек пайда алу тұрғысынан көтерген болатын, бірақ әзірге белсенді талқыланған жоқ. Себебі біздің дивиденд саясаты ерекше – біз таза табыстың 50%, 70%, немесе 25% емес, қалған барлық қаражатты таратамыз, – деді Горбань.
2024 жылғы қарашада консорциум акционерлерінің бірі – «Транснефть» АҚ – КТК басқару органдары жобаның қаржылық тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды талқылағанын хабарлаған болатын.
КТК бас директоры Консорциум жүйе жұмысының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
– Біз үнемі оңтайландырумен айналысамыз, кейбір баптар бойынша шығындарды қысқартып жатырмыз. Мысалы, теңіз терминалында қосымша айлақ қабырғасын салудан бас тарттық. Талдау нәтижесінде оның тиімсіз екенін түсіндік. Сол сияқты, сол теңіз терминалында жаңа әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салу жобасынан да бас тарттық, – деді ол.
Еске салайық, КТК – Қазақстанның батысындағы және Ресейдің Каспий шельфіндегі мұнай кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстыратын жүйе. Маршруттың ұзындығы – 1511 км.
2024 жылы консорциум жүйе арқылы 63,01 млн тонна мұнай тасымалдады, оның ішінде шамамен 55 млн тоннасы – Қазақстаннан жеткізілген.
КТК акционерлері қатарында «Транснефть» пен Ресейден бөлек, Қазақстан да бар (оның үлесі – «ҚазМұнайГаз» – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, барлығы 20,75%), сондай-ақ Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.
Осыған дейін КТК-ның мұнай айдау стансасына дронмен шабуыл жасалғаны туралы жаздық.