КТК теңіз терминалында мұнайдың төгілу салдарын жою жұмыстары аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Каспий Құбыр Консорциумының (КТК) теңіз терминалы акваториясында төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары аяқталды. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі ресми түрде алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Компанияның хабарлауынша, 2025 жылдың 30 тамызында теңіз бетінің жағдайына объективті бақылау жүргізілгеннен кейін, операцияны басқару штабы КТК теңіз терминалы (МТ КТК) акваториясында мұнай төгілуінің алдын алу және жою жоспары (МТЖЖ) аясындағы негізгі іс-шаралардың аяқталғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұл жоспар КТК-2 айлақ құрылғысының шлангілері арқылы танкерге жүк тиеу кезінде теңіз бетіне мұнай төгілгеннен кейін енгізілген болатын.
— Қазіргі уақытта төгілген мұнайдың нақты көлемі анықталуда, оқиғаның себептеріне қатысты тергеу жүргізілуде. Оқиға барысында айлақ құрылғысынан танкерге дейінгі қалқымалы шлангтің теңіздегі авариялық ажырату тетігі іске қосылған, — деп хабарлады компания өкілдері.
Мұнай төгілген жер жедел түрде оқшауланған, бұл тиісті қадағалау органдары тарапынан расталды.
Операцияға 13 сүйреткіш кемесі, 4 шағын кеме, 5 мұнай жинайтын скиммер және 9 қалқымалы резервуар тартылды. Сонымен қатар, 1000 метрден астам бондық қоршаулар орнатылды. Жиналған мұнай-сулы эмульсия КТК теңіз терминалына жеткізіліп, кейін жойылуға жіберілді.
Экологиялық бақылау операция барысында үздіксіз жүргізілді және алдағы уақытта да жалғасады — теңіз суынан тәулігіне кемінде екі рет сынама алынып отырады.
Сонымен қатар, мамандар жағалау жолағына визуалды тексеру жүргізді. Мұнайдың немесе мұнай құрамды қабықтың табылмағаны хабарланды.
29 тамызда КТК теңіз терминалында танкерге жүк тиеу кезінде КТК-2 айлақ құрылғысының шлангілері арқылы теңізге мұнай төгілген болатын.
Еске сала кетейік,бұған дейін Каспий құбыр консорциумының (КТК) Теңіз терминалында КҚК-3 шығарма айлақ құрылғысындағы қалқымалы және суасты шлангыны жоспарға сай ауыстыру жұмысы басталғанын жазған едік.