ҚТК және Alatau City Bank «Орда аймақ» және «Орда аймақ плюс» бағдарламалары бойынша ынтымақтастықты кеңейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы) және «Alatau City Bank» АҚ «Орда аймақ» және «Орда аймақ плюс» тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру шеңберінде ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Фото: Қазақстан тұрғын үй компаниясы

Құжат Қазақстанның өңірлерінде азаматтарға тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарыздарын беру кезінде тараптардың өзара іс-қимылын көздейді. Келісім аясында Alatau City Bank тұрғын үй қарыздарын рәсімдеуге және беруге байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетіп, ҚТК мүддесін білдіреді. Сондай-ақ банк қарыз алушылардың құжаттарын қабылдап, тексеріп, кредиттік өтінімдерді қалыптастырады және оларды қарау үшін ҚТК-ға жолдайды.

«Орда аймақ» және «Орда аймақ плюс» бағдарламалары тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес ҚТК кепілдігі бар, Қазақстан өңірлеріндегі тұрғын үй құрылысы объектілеріне қолданылады. Бұл ретте Астана, Алматы және Шымкент қалалары бағдарламаларға қатыспайды.

— Банктермен серіктестік орнату азаматтар үшін тұрғын үй қарызын алу процесін барынша ыңғайлы әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді. Келісім аясында Alatau City Bank-тің аймақтық офистері әлеуетті қарыз алушыларға консультация беруден және құжаттарды қабылдаудан бастап қажетті шарттарды рәсімдеуге дейін өзара іс-қимылдың қосымша нүктесіне айналады. Бұл ретте тұрғын үй қарызын беру туралы барлық шешімдерді белгіленген бағдарлама талаптарына сәйкес ҚТК қабылдайды, — деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.

Өзіңізге қолайлы бағдарламаны таңдаңыз:

«Орда аймақ»

Сыйақының белгіленген мөлшерлемесі — жылдық 15,9% (ЖТСМ 16,97%-дан 18,32%-ға дейін).

«Орда аймақ Плюс»

Сыйақының икемді мөлшерлемесі — жылдық 10,9%-дан 14,9%-ға дейін (ЖТСМ 11,70%-дан 16,20%-ға дейін). Мөлшерлеме бастапқы жарнаның мөлшері мен кредиттеу мерзіміне байланысты: бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, мөлшерлеме соғұрлым тиімді!

Екі бағдарламаға да ортақ шарттар:

  • Бастапқы жарна: 20%-дан бастап.
  • Несие сомасы: 2 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін.
  • Мерзімі: 24 айдан 240 айға дейін (20 жылға дейін).
  • Тұрғын үйдің бастапқы бағасы төмен: құрылыс кезеңіндегі баға дайын пәтердің бағасынан төмен.

Құрылыс объектілерінің сипаттамасымен ҚТК-нің Тұрғын үй порталынан мына сілтеме бойынша танысуға болады.