ҚТЖ Ақтау портында астық қабылдаудағы уақытша шектеуге түсініктеме берді

Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Ықпалдастырылған жоспарлау дирекциясының» филиал директорының орынбасары Ғани Есенбаев Ақтау портында экспорттық астықты қабылдаудағы уақытша шектеуге байланысты пікір білдірді. 

Оның айтуынша, ұзақ іркілістің негізгі себебі ауа райының қолайсыздығы болып отыр.

 

— Күн райы бұзылып тұр, жел соғып, толқын тұрды. Бұл Ақтау портында жүк тиеудегі іркіліс себептерінің бірі. Екінші себебі — Каспий бассейндегі барлық кеме Астрахан-Иран бағытында қатынауға мүдделі. Өйткені, Иранда Астрахан облысында сұранысқа ие жүк бар. Олар — карбамид, цемент пен травертин. Өкінішке орай, бізге Иран тарапынан жүк өте аз келеді. Сондықтан да вагон операторларымыз кеме жалдаған кездегі тариф айырмасы 10-нан 15 долларға дейін жетеді, — деп түсіндірді ол.

Ғани Есенбаевтың дерегінше, қыркүйекте Атау портына не бәрі 14 кеме келді. Бұл аталған кезең үшін өте төмен көрсеткіш саналады.

— Осыған байланысты инфрақұрылымда шамамен 700 вагон тұрып қалды. Біз жүк тиеудегі шектеулер туралы мәжбүрлі шараны жария етіп, Астық одағы және негізгі ірі оператор — Астық транспен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді ҚТЖ өкілі.

Оның айтуынша, егер барлық жүк вагондарда тұрып қалса, онда жылжымалы құрам да іркіледі. Ал қазір Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстан бағытында астық экспортына сұраныс жоғары болып тұр.

— Қазір 700-ден 150 вагонға дейін азайды. Алайда, терминалдар толып тұр, — деді компания өкілі.

Оның айтуынша, жыл сайын қарашаның соңы мен желтоқсанның басында Астрахан-Иран бағытында қатынайтын кемелер Қазақстан портына оралады. Себебі бұл уақытта Астрахан шығанағында мұз қатады.

Айта кетейік, Ақтау халықаралық теңіз портының базасында ірі контейнерлік хаб салынып жатыр.