Компанияның ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, осындай жағдай орын алған кезде тиісті тергеу жүргізу үшін фото-видео түсірілім түріндегі дәлелдік қор болуы тиіс.
«ҚТЖ бұл бағытта осындай жағдайларды болдырмау бойынша нақты міндеттер белгіленген тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Жолаушылар мен ресімделмеген жүкті билетсіз тасу фактілерін бақылау және болдырмау, сервистік қызметкерлермен жұмыс жүргізу үшін заң бұзған жол бригадаларына қатысты «нөлдік төзімділік» принципі енгізілген», - деді Руслан Иманқұлов.
Оның атап өтуінше, барлық қызметтік және жедел тергеулер, тәртіптік комиссиялардың отырыстары барынша ашық түрде өткізіліп, оларды онлайн режимде басшылық қадағалап отырады.
Бұдан басқа, пойыз бригадаларының қызметкерлерін жұмысқа алу талаптары қатаңдатылған, олардың ынталандырылуын жетілдіру бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Дәлелдері бар болса, осындай бірде бір жағдай назардан тыс қалмайды», - деп түйіндеді Руслан Иманқұлов.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласында теміржол билеттерін заңсыз сату жағдайы анықталған.
«Шілде айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы қызметіне мониторинг жүргізу кезінде жолаушылар тасымалының павлодарлық бөлімшесінде «құпия сатып алушы» әдісі арқылы жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактісі анықталған. Арнайы мониторинг жүргізу тобының мүшелері, қоғам өкілдері Павлодар-Алматы бағытындағы жол жүру билеттерінің заңсыз сатылғанын анықтады. Билеттің құны 12 500 теңгені құраған, бірақ кассада артық билет болған жоқ. «ҚТЖ» АҚ қызметкерлері құпия сатып алушыға билетсіз жол жүріп, ол үшін 20 мың теңге сұрады», - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Осыған ұқсас фактілер елдің басқа аймақтарында да болған, деп қосып өтті ведомство. Мониторинг қорытындылары бойынша, бірқатар қызметкерлер жауапқа тартылды.