Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасы және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Жетісу облысының Бескөл станциясында тепловоз машинистерінен құралған қылмыстық топты құрықтады.
Күдіктілер бірнеше жыл бойы пойыз диспетчерлерімен қылмыстық келісімге келіп, тепловоздардан жанар-жағармай материалдарын құйып алу арқылы дизель отынын ұрлаған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ ұрлықтың 45 эпизоды бойынша әшкереленіп, «Қазақстан темір жолы» компаниясына 16 млн теңгеден астам сомаға залал келтірді. Жетісу облысы Алакөл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды»,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында өзін жәбірленушілердің баласы ретінде көрсетіп, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталғаны туралы жаздық.