«ҚТЖ-Экспресс» 80 футтық мыңнан астам платформаны лизингке алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ««ҚТЖ-Экспресс» АҚ-ы 80-футтық 1 102 платформаны лизингке алады. Бұл туралы бүгін аталған компаниянңң басқармасы төрағасы Дияс Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Компаниямыз контейнерлік тасымалды жүзеге асырады және біз 2011 жылдан бастап тұрақты өсімнің бар екендігін көріп отырмыз. Егер 2016 жылғы көрсеткіштерді 2011 жылмен салыстырар болсақ, Қытай-Еуропа-Қытай транзиттік бағдары бойынша контейнерлік тасымал көлемі 100 есе өскен. Біздің болжамымызша 2020 жылға қарай 20 футтық эквивалентте контейнерлер тасымалының көлемі шамамен 2 миллионға жетеді. Толықтай алғанда қазіргі уақытта біз контейнерлік тасымалдың тұрақты әрі өте жылдам өсіп келе жатқанын көріп отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, Еуразиялық құрлықтағы контейнер тасымалының негізгі бағдары  Қытай-Еуропа-Қытай бағдары болып отыр. Бұл ретте өткен жылы компания барлық бағыттар бойынша 250 мың, ал Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 104 мың контейнер тасымалдаған. 

«Тасымалдың мұндай көлемін жүзеге асыру үшін тұрақты айналымда 4-5 мың мың темір жол платформасы болуы қажет. «ҚДБ Лизинг» АҚ  қаржыландыруымен машина жасау саласындағы интегратор компания құру жобасы аясында «ҚТЖ Экспресс» 80 футтық 1 102 платформа алады. Аталған платформалар өте ыңғайлы. Онымен екі 40 футтық контейнерді тасымалдауға болады», - деді Дияс Ысқақ.