ҚТЖ Қазақстанның тауар айналымы саласында жан-жақты қызмет атқаруда - АЭФ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Қазақстан аумағында 1200 км жаңа темір жол салуда. Бұл туралы VII Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «Еуразиялық көлік жүйесі жаһандық бәсекелестік жағдайында» атты панельдік сессиясында «ҚТЖ»ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.

«Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Қазақстан территориясында 1200 км жаңа темір жол салуда. Ол биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жолдың мың шақырымы - Жезқазған-Бейнеу бағытында. Осы жол арқылы Ақтау портынан Қытайға қарай тауар тасуда үлкен жеңілдікке ие боламыз», - деп атап өтті ол.

А. Маминнің айтуынша,Қытаймен арадағы екі темір жолдың түйіскен жеріндегі тауар өткізу қуаты жылына 50 млн. тоннадан асады. Алдағы жылдарда бұл әлеует одан әрі дамытыла түспек. «Былтыр Қытаймен арадағы және біздің территориямыз арқылы транзиттік тасымалдардың көлемі 20 пайызға көбейді. Яғни қазіргі бар тауар өткізу қуатымыз бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыта түсуге мүмкіндік береді», - деді ол. «ҚТЖ» басшысының мәліметінше, Түркіменстан-Иран бағытындағы темір жол құрылысы біткен соң, Солтүстік-Оңтүстік жүк өткізу дәлізінің әлеуеті көбейеді. Осы арқылы Қытай мен Еуропадан келген тауарды Парсы шығанағына жеткізу жолы қысқарады. «Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылға қарай бұл бағыттағы тауар тасымалы жылына 15 млн. тоннаға жетуі мүмкін. Яғни бұл Парсы шығанағы нарығына құрлық арқылы тауар жеткізетін ең жақын жол болады», - деп атап өтті А. Мамин.