Жобаны жүзеге асыру жүк және жолаушылар тасымалы үдерісін үздіксіз басқаруға арналған. Аталған орталық бүгін Астанадағы «ҚТЖ» компаниясының ғимаратында таныстырылды.
«Бұл біздің компания жұмысындағы деректердің сақталуына арналған жүйе. Егер де темір жол саласындағы мәліметтер сақталмай қалса, біздегі мемлекеттік, қаржылық және тапсырыс берудің есептілік құжаттары жоғалады. Яғни, темір жол құрамдары қолдан басқару жүйесіне көшірілетін болады», - деді «ҚТЖ» ҰК-ның «Бас есептеу орталығы» филиалының директоры Қайрат Рсымбетов.
«Күніне 1,5 мың поезд басқарылады. Сондықтан осыншама құрамды қолмен басқару мүлдем мүмкін емес. Осы орайда жұмысты үздіксіз атқару үшін аталған жүйе бойынша негізгі және қосалқы орталық жасақталатын болады»,-деді ол.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, ІВМ жүйесін іске қосу компанияның өндірістік үдерістерін басқарудағы экономикалық тиімділігіне жол ашады. Түрлі тосын жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді. Екі компания арасындағы келісімшарт 2010 жылдың тамызында жасалған көрінеді. Жобаны 2011 жылдың бірінші жартысына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр және оның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды.
Директордың сөзіне қарағанда, егер де негізгі орталық жұмысы біршама уақытқа істен шығатын болса, онда атқарылып жатқан есептілік жұмыстары екінші қосалқы орталыққа ешбір кедергісіз ауысады. Яғни, бұл арқылы темір жолдағы барлық тасымалдарды тоқтаусыз басқаруға мүмкіндік болады.