ҚТЖ құрылысы 11 жыл бойы бітпей тұрған кешенді сатуға шығарады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Тұлпар-Тальго» вагондарына қызмет көрсету кешенінің құрылысы 2014 жылы басталып, тоқтап қалған. Қазір құр қаңқасы тұр. Kazinform тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на сауал жолдады.
Ақтөбе қаласындағы 11 шағынаудан мен теміржол вокзалына дейінгі аралықта алып темір конструкция бар. Қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылған құрылыстың дәл осы күйде тұрғанына 10 жылдан асты.
Бір жағында — теміржол, екінші жағында — үйлер. Бұл жер жастардың жиі келетінін орнына айналған.
Себебі құрылыс ішіндегі жазулардан әртүрлі қолтаңбаны көруге болады. Тағы бірі бұл маңды көлік тұрағына айналдырып алған.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2012 жылы Ақтөбе стансасынан «Тұлпар-Тальго» вагондарына техникалық қызмет көрсету бекетін салуды жоспарлайды.
Сөйтіп 2014 жылы «Құлагер» ҚК» ЖШС кешеннің құрылыс жұмыстарын бастайды. Көп ұзамай дәл осындай кешенді Астана қаласынан бастап, Ақтөбедегі құрылыс сол күйі тоқтап қалады.
— Жоба бастамашысы — ҚТЖ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы. 2014 жылы «Құлагер ҚК» ЖШС бас мердігер болып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына кіріскен. Шарттық міндеттемелердің тиісті деңгейде орындалмауына байланысты шарт 2017 жылдың 13 қыркүйегінде біржақты тәртіппен бұзылды. Қаржыландырудың болмауына байланысты жұмыс 2016 жылы тоқтатылды. Оңалту рәсімін жүргізуге байланысты «Құлагер» ҚК» ЖШС-нің объектіні консервациялауы тоқтатылды, сот органының тиісті шешімі бар. 2026 жылға арналған пайдалану шығыстары жоспарында аяқталмаған құрылыс объектілерін күзету жөніндегі қызметтер көзделген. Gosreestr.kz. порталында электронды сауда-саттық арқылы аяқталмаған құрылыс объектісін өткізу мәселесі қаралып жатыр, — деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұдан өзге Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған нысандар арасында мектеп, мектеп-балабақша, спорт кешендері мен емдеу орны бар.
Ал көпқабатты үйлер мәселесі 2017-2018 жылдардан бері жалғасып келеді.