«ҚТЖ» ҰК» АҚ қазан айында биылғы астықтың 1 млн. тоннасын тасымалдады

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қазан айында астық тасымалдау 1 018 мың тоннаны құрады. Оның ішінде ішкі нарыққа 348 мың тонна түсірілсе, 670 мың тонна экспортқа шығарылды.

Негізгі бағыттар Орталық Азия (285,8 мың тонна), Кавказ елдері (127 мың тонна), Ресей, Қара және Балтық теңіздері порттары (173,5 мың тонна) сынды дәстүрлі маршруттар. Парсы шығанағы бағытында Ақтау халықаралық теңіз сауда порты және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара жаңа теміржол желісі арқылы 76,5 мың тонна астық тасымалданған.

Ұн тиеу 285 мың тоннаны құрап, былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 21 мың тоннаға (8 %-ға) жоғары. Ұнның жалпы тиелімінен экспортқа 230 мыңы немесе 80 %-ы тасымалданды. Оның ішінде Өзбекстанға 132, 2 мың тонна, Тәжікстан мен Қырғызстанға 25 және 12 мың тонна жөнелтілген.

Биылғы маркетингтік жылдың шілде мен қазан айларының аралығында 2,5 миллион тонна астық тасымалданған, оның ішінде экспортқа кеткені - 1,6 млн. тонна. Сондай-ақ тасымалданған 816,4 мың тонна ұнның 640 мың тоннасы экспортқа шығарылған.

Астық пен ұн нарығында негізгі көлік операторы ретінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ астық пен тарттыру өнімдерін толассыз тасымалдауға жеткілікті жылжымалы құрамы бар. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.