«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Астана қаласы әкімдігі өзара серіктестік туралы Меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Астана қаласы әкімдігі өзара серіктестік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Өзара серіктестік туралы Меморандумда ҚР Үкіметінің қаңтарда бекітілген «Өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспарлы шаралары» туралы маңызды құжатты жүзеге асырудан туындаған басымдықты бағыттары көрсетілді. Оның ішіне қазақстандық үлесті тиімді дамыту, Астана қаласының тауар өндірушілерінің өнімдерінің сапасын көтеріп, түрлерін көбейтуді қамтамасыз ету кіреді.

Компания 2015 жылы елордадағы кәсіпорындардан сатып алынатын тауарлар мен қызмет түрлерінің көлемін 49 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отыр.

Астана қаласының кәсіпорындарынан тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға 15 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Өзара серіктестік туралы Меморандумға қол қойды.

Бұған дейін, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен республиканың тоғыз облысы арасында Өзара серіктестік туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Барлығын қосқанда, Ұлттық компания 2015 жылы республикадағы өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға шамамен 133 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.