«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қостанай филиалының басшылары пара алу сәтінде ұсталды. Серіктестіктің бірін вагондармен уақытылы қамтамасыз еткені үшін филиал бастығына пара бермек болған.
«2019 жылғы 3 ақпанда Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу соты облыстық ПҚКК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аға тергеушісі Төрехановтың «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының басқару жүйелерін автоматтандыру жөніндегі директордың орынбасары - «Жүк тасымалдау» - «Қостанай жүк тасымалдау бөлімі» басшысы Құрманалиевке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауға рұқсат берді. Сондай-ақ Қостанай станциясы бастығының орынбасары Алматовқа қатысты үйқамаққа алу түріндегі алдын алу шарасын санкциялау туралы өтінішін қанағаттандырды», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Сот шешімі бойынша Құрманәлиев 10 тәулік бойы қамауда болады, ал, екінші күдікті Алматов 2 ай үйқамаққа алынды. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» АҚ - «Жүк көлігі» облыстық филиалының директоры Б.Қайдаров та ұсталды.
Қайдаров ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағында, 366-бабы, 3-бөлігі, 2,4-тармақтарында, 366-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағында көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін айыпталуда. Ол 2 ай бойы қамауда ұсталатын болады.