«ҚТЖ — Жүк тасымалы» компаниясының қызметінде заң бұзу анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген тергеп-тексеру нәтижесінде «HILL Corporation» ЖШС мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС арасындағы бәсекелестікке қарсы келісім анықталды.
— Тергеп-тексеру барысында «ҚТЖ-ЖТ» локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде әлеуеті жететін жеткізушілерді лайықты көрмей, арнайы шарттар қолданғаны белгілі болды. Бұл олардың сатып алу конкурстарына қатысуына кедергі келтіріп, бастапқыдан-ақ «HILL Corporation» компаниясының мүддесіне жұмыс істеуіне бағытталған әрекеттерді айқындады, — делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарламасында.
Агенттік жүргізген тергеп-тексеру нәтижелеріне қатысты компания сотқа шағымданған болатын.
2025 жылғы 11 наурыздағы Жоғарғы Сот қаулысына сәйкес, жергілікті соттың «HILL Corporation» ЖШС мен «КТЖ-Жүк тасымалдау» ЖШС қатысты агенттік тергеп-тексеруінің заңды екені туралы шешімі күшіне енді.
— Локомотивтерге арналған мотор майларын жеткізу саласында анықталған бәсекелестікке қарсы келісімнің жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асты, — делінген хабарламада.
Айта кетелік ҚТЖ мен QazaqGaz компаниялары қашан IPO-ға шығарылатыны туралы жазған едік.