Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті аудит басқармасының бас маманы Нұрлан Серкеевтің жауабы бойынша, ол «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ салықтық тексеріс жүргізген.
Ұйғарыммен бірге С.Матаевқа салықтық тексеру жүргізуге қажетті құжаттарды беру талап етілді. Оған С.Матаев «ҰБК» ҚБ есепші лауазымы қарастырылмаған, 1С базасында және қағаз нұсқада бухгалтерлік есеп жүргізілмейді» деп жауап берген.
«Мен қолданыстағы ағымдық шоттар жөнінде «Сбербанк России» АҚ уәкіліне сауал жіберіп, қоғамдық бірлестіктегі ақшалай қаражаттың қозғалысы туралы ақпарат алдым. ҰБК шотына Алматы мен Астанадағы ғимараттарды жалға беру, ақпараттық материал дайындау қызметі, оларды баспа БАҚ пен телеэфирге жариялау және баспасөз-конференцияларын өткізгені үшін қаражат түсіп тұрған», - деп хабарлады куәгер.
Осылайша, Серкеевтің түсініктемесі бойынша, 2011 жылы ҰБК 271 207 032 теңге табыс тапқан, 2012 жылы - 173 644 916 теңге, 2013 жылы - 293 685 160 теңге және 2014 жылы - 195 025 169 теңге қаражат тапқан.
«Сонымен бірге, резидент емес қоғамдық бірлестіктерге 2011 жылы - 5 850 800 теңге , 2012 жылы - 25 470 911 теңге, 2013 жылы - 7 280 688 теңге және 2014 жылы - 4 275 546 теңге қаржы аударылған. Осы сомаларды ескере келе, Салық кодексінің баптарына сәйкес, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұруы тиіс еді. Сол себепті, СК 568-бабына сәйкес, салық салынатын соманың 10% көлемінде 89 425 588 теңге айыппұл салынды», - деді Н.Серкеев.
Сейітқазы Матаев заңды тұлғалардың коропоративті табыс салығы бойынша кірістерді көрсететін 100.00 салық есептемесінің нысанын (СЕН), жоғарыда көрсетілген резидент емес заңды тұлғалардың КТС бойынша кірісі көрсетілген 101.04 нысанын және жоғарыда көрсетілген жеке тұлғалардың кірістері көрсетілген 200.00 нысанын өткізу керек еді. Алайда, сотта айыпкердің кірістерді жасырып, тек қана салық салынбайтын коммерциялық емес ұйымдардың кірістерін көрсететін 130.00 нысанын өткізгені айтылды.
Осылайша, тексеріс актісіне сәйкес, сот отырысында С.Матаев жалтарған салықтық қарыз корпоративті табыс салығы бойынша 179,3 миллион теңгені және жеке табыс салығы бойынша 65,5 миллион теңгені құрағаны мәлім болды.
Сонымен бірге, бүгін сот денсаулық жағдайына байланысты шағымданған Матаевқа ескерту жасады, барлық апта бойы оған қажетті ем алуға мүмкіндіктер жасалды бірақ айыпкер үнемі бас тартқан.