Бұған дейін куәгерлер түсініктемесі арқылы Сейітқазы Матаевтың өз беделін пайдаланып, «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетәжиевке барғаны, компания қызметін жариялау бойынша тендерді жеңіп алуға көмек сұрағаны белгілі болған еді. Өз кезегінде С.Матаев жарнамалық материалдарды жариялауда компания мен газеттер арасында делдал болған.
«Батыр Маханбетәжиев маған баспасөзде материалдар жариялау бойынша өткен тендерде «Ұлттық баспасөз орталығы» қоғамдық бірлестігінің жеңіп шығуына барынша көмектесу туралы тапсырма берді», - деді Юлия Исакова.
Одан бөлек, куәгер сотқа атқарылған жұмыстар актілерін тексермегенін, басшысы Батыр Маханбетәжиевтің С.Матаев есептеріне «көз жұма» қарауды бұйырғанын айтты.
Және компания қызметкерлері «Қазақтелеком» АҚ қызметі туралы материалдар жариялауды өз бетімен, С.Матаевтың қатысуынсыз жүзеге асырған.
Тергеу бойынша, Сейітқазы Матаев «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 млн теңге қаражатын жымқырған.