Айта кетелік, оларға «алаяқтық жасады және салықтан жалтарды» деген айыптар тағылып отыр. «Қазақтелеком» АҚ-на қатысты эпизод бойынша сотқа жауап берген «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі қызметінің бұрынғы жетекшісі Юлия Исакова тендерлердің заңсыз бөлінгені, Сейітқазы Матаевтың иелігіндегі «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігіне артықшылық берілгені жөнінде әңгімелеп берді.
Бұған дейінгі куәгерлердің түсінігінен белгілі болғанындай, С. Матаев өзінің жеке басының беделін пайдалана отырып, «Қазақтелеком» АҚ-ның стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетажиевке тендерді ұтып алуға көмектесуге өтініш жасайды. Өз кезегінде С. Матаев жарнамалық-ақпараттық материалдарды БАҚ-тарда орналастыру бойынша газеттер мен компанияның арасындағы делдал рөлін атқарады.
«Бұқарамен байланыс жөніндегі қызметке тікелей және жалғыз Батыр Маханбетажиев басшылық етті. 2011-2012 жылдары Б. Маханбетажиев маған тендер өткізуде «Ұлттық баспасөз клубына» барынша басымдық беріп, ұтқызуды тапсырды. Сол себептен мен менеджерлер З. Қазыбаева мен М. Уәлиханға шартта баспа БАҚ-тардың прайс-парақшасындағы бағаны емес, әлеуетті жеткізуші - «Ұлттық баспасөз клубының» тендерлік құжаттарында көрсетілген бағаны белгілеуді ұсындым. Ондағы баға басқа баспа БАҚ-дікінен жоғары болатын» деді ол сот отырысында.
Атап айтарлығы, мемлекеттік сатып алу тендерін өткізуде баға мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені бұл шара тендерлік құжаттардың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтің бағасы негізгі фактор болып саналады.
Бұған қоса, Ю. Исакова С. Матаевтың туысы әрі көмекшісі, «Ұлттық баспасөз клубының» өкілі Ерлан Рамазановқа көмектескенін жасырмай айтып берді. Ол компания менеджерлеріне «Ұлттық баспасөз клубының» тендердік құжаттарын жақсылап қарап, жекелеген кемшіліктерін жоюға тапсырма беріп отырған. Сондай-ақ, Е. Рамазановты тендер өтпей тұрып, тендерлік құжаттармен және «Қазақтелекомның» бюджетімен таныстырған. Соның нәтижесінде 2011-2012 жылдары тендер өткізілмеген болып саналып, соның нәтижесінде ол Қазыбаева мен Уәлиханға қайта тендер өткізбей-ақ, «Ұлттық баспасөз клубымен» «бір көзден» қаржыландыруға шарт жасауды тапсырады. Мұндай норма мемлекеттік сатып алу тәртібіне қайшы келмейтін еді.
Ю. Исакова да баспа БАҚ-тарда жарыққа шыққан материалдарға тексеру жүргізбей-ақ, «Ұлттық баспасөз клубы» жіберген атқарылған жұмыстар туралы актілерге қолын қойған. Оның нұсқауымен жұмыс істеген менеджерлер шарттар жасалмай тұрып-ақ, «Қазақтелекомның» қызметі туралы материалдарды баспа БАҚ-тарға өздері орналастырған. Ол сот алдындағы берген жауабында Б. Маханбетажиевтің тапсырмаларын жұмыстан босата ма деген қорқынышпен орындағанын айтты. Еске сала кетсек, тергеудің нұсқасы бойынша С. Матаев «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 млн. теңгесін ұрлады деп айыпталып отыр.