«Қуан, қазақ, сенің ұлың чемпион!» -тамыздың 11-і күнгі қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 11-і,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Қазақстанның  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету кезі де жақындап қалды. Бар-жоғы бес жарым айдан соң, Қазақстан бүкіл мұсылман әлемі, ТМД, қала берді барша Азия аумағынан бірінші болып осынау әлемдік беделді ұйымның төріне отырғалы отыр. Осының өзі ХХ ғасырдың аяғында ғана өз тәуелсіздігін алған еліміздің  қазіргі тарихындағы  қол жеткізген  ең үлкен шыңы болып табылады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» «Беделді ұйымға төрағалық ету дайындығы тиянақталды» деген мақаласында. Аты айтып тұрғандай, мақалада мемлекетіміздің аталған ұйымға төрағалық ету дайындығы туралы сөз болып, осы мәселеге байланысты Елбасы Ақордада өткізген кеңестен толымды хабар берілген.    

  

***

Ел газетінің бұл күнгі санында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының мәтінін, сондай-ақ  «Алтын белгі» белгісімен марапатталған оқушылар - білім гранты иегерлерінің тізімін»  жариялаған.

 

***

 «Елімізде діни насихатты қайта қолға алғалы бері ол сапалық жағынан да біршама жоғарылады. Әсіресе,  мешіттерге сауаты мол азаматтардың келуімен, қарпайым жұрттың да еңсесі көтеріліп, дін төңірегіндегі таным-түсінігі де молайғаны байқалады...  Бұған дейін еліміз бойынша алты медресе ашылса, кеше Алматыдағы Орталық мешіттің ескі ғимараты негізінде тағы бірінің тұсауы кесілді.  Нақтырақ айтсақ, Отанымыздағы жетінші  медресе республикамыздың барлық аймақтарынан дін жолына түскен сауатты, көкірегі  ояу, елінің нағыз  патриоттарын әңгімелесу негізінде қабылдайды», - деп жазады тамыздың 11-і күні шыққан «Айқын» газеті» еліміздің барша мұсылмандары үшін тағы бір қуанышты жаңалықты «Жетінші медресенің жаңалығы көп» атты бірінші беттегі мақалада.

 «Бұл - еліміздің діни өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі.Оның ішінде қала орталығынан ойшыл ғалым Әбу Ханифаның есімін иеленген медресенің ашылуы - мұсылман қауымы үшін ерекше оқиға», - дейді аталған мақалада еліміздің бас муфтиі Әбсаттар қажы.

 

***

«Қуан, қазақ, сенің ұлың чемпион!»  Осындай тақырыппен «Айқын» газеті өткен аптада Алматыда өткен ережесіз жекпе-жек сайысына мақала арнап, сол сында ел намысын қорғаған Бейбіт Назаровтай сайыпқыран ұлдарымызға сүйінішін білдірген. Жарысты теледидардан көре алмай қалған қауым халықаралық сайыста қазақтың намысын қандай ұлдары қорғағанын осы мақаладан оқып біле алады.

 

***

Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық білім стипендиясы болашағынан үміт күттіріп, ел сенімі артылған, ел үшін қызмет етсем дейтін талапты ұл-қыздардың шетелде лайықты білім алуы үшін арнайы тағайындалғаны мәлім. Сондықтан, осы стипендияға іліккісі келетіндердің де қатары жыл санап артып келеді. Алайда, осынау әркімнің -ақ таласы бар стипендияға ілігіп алып, бірақ оқуына жауапсыздықпен қарайтындар да табылып жатыр. Ондайлар әлбетте стипендиядан айырылып, кеткен шығынды мемлекетке қайтаруы тиіс. «Болашағы жоқ «болашақтықтарды»  президенттік стипендиядан айырды» деген мақалада «Айқын» басылымы 14 шәкірттің стипендиядан айырылғанын жазады. Газеттің келтірген деректеріне қарағанда, биыл бұл стипендия сыннан сүрінбей өткен   464 үміткерге тағайындалған.

 

***

 «Мұнай-газ химиясын елімізде дамытуға Қазақстандағы  барлық ғылыми күшті шоғырландыруға қарсы ниеттегілер бар ма деп ойлаймын.  Жалпы алғанда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді әркім  өзіне пайдасы тиетін жерде ғана айтып,  қалған уақытта ұмыта беретін секілді.  Әйтпесе мұнай-газ шикізаты химияның бірнеше саласына азық болатын нысан екені баршаға белгілі», - дейді осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында химия ғылымдарының докторы,  профессор Несіпхан Бектенов.  Ғалымның тілшімен сұхбатын «Мұнай-газ химиясын көз алдаумен дамыта алмаймыз» атты мақаладан оқуға болады.