«Қуаныш» волейбол командасы Қазақстан кубогін жеңіп алды
Талдықорған қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында ҚР кубогі ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Бас жүлде үшін соңғы матчта Азамат Есімов жаттықтыратын «Қуаныш» (СҚО) пен «Алматы» командасы (бас бапкері Рафаэль Гилязутдинов) алаңға шықты.
Біршама тартысты өткен матчта «Қуаныш» қарсыласын 3:1 (25:15, 25:8, 26:28, 25:13) есебімен ұтып, ел кубогіне қол жеткізді.
Валерий Шиндов баптайтын талдықорғандық «Жетісу» клубы үздік үштікке ілікті. Олар түркістандық «Тұранды» (бас жаттықтырушы Асқар Шалқыбеков) 3:0 (25:11, 25:23, 25:23) есебімен жеңді.
Биыл командалар сапында елеулі өзгерістер болды. Мысалы, жұлдызды ойыншылар жиналғанына қарамастан, талдықорғандықтар жартылай финалда «Қуанышқа» есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Павлодар» волейбол клубының ҚР кубогінің иегері атанғанын жазған едік.