Қуаңшылықтан Түркістан облысының қай аймағы көп зардап шекті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде шөп бағасы да қымбаттады.
Биылғы ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай шығынға ұшырады. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, облыс бойынша жалпы 288,6 мың гектар егіс алқабының 49,8 мың гектары зардап шеккен. Бұл — жалпы көлемнің 14 пайызы.
Ең көп шығын Бәйдібек ауданында тіркеліп отыр. Мұнда 25,2 мың гектар егістік алқабы қуаңшылықтың салқынын сезінді. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында — 6,7 мың гектар, Түлкібас ауданында — 5,2 мың гектар, ал Төлеби, Сарыағаш, Созақ аудандары мен Арыс қаласында да ауқымды егістік жер бүлінген.
Қуаңшылық тек егін шаруашылығына емес, мал азығы қорының қалыптасуына да кері әсерін тигізді. Облыста биыл 5200,1 мың тонна мал азығын дайындау межеленсе, бүгінгі таңда соның 74 пайызы дайындалған. Жем-шөп бағасы да айтарлықтай қымбаттады. Шаруалардың келісімі бойынша әр өңірде әртүрлі бағада сатылып жатыр. Мәселен, шабындықтар мен табиғи жайылымдар шөбінің өнімдері өткен жылдың шілде айында тоннасы 35 000 теңге жобасында болса, биылғы жылы 60 000 теңге.
— Бүгінгі таңда дәнді және майлы дақыл еккен агроқұрылымдардың 1,4 млрд теңге көлемінде берешегі бар. Осыған орай мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынып жатыр. Шаруалардың берешегін жеңілдету үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы алынған несиелерді бір жылға шегеру мәселесі қаралып, «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы алынған лизингтік қаржылардың төлеу мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс жасалды. Мемлекет тарапынан жалпы тыңайтқышқа, тұқымға, жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етуге көмек беріліп жатыр. Мәселен тыңайтқышпен қамтамасыз етуге 12,2 млрд теңге, тұқымға 376,2 млн теңге қаралған, — делінген басқарма ақпаратында.
Бүгінде облыста ағын суды тиімді пайдалану үшін арнайы кесте бекітіліп, су кезекпен беріліп келеді. Қазіргі таңда өңірде сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр болатын 42 су қоймасы бар. Алайда биыл олардың толымдылығы орта есеппен 60 пайыздан аспай отыр. Осыған байланысты жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту жобалары қолға алынған. Мәселен, «Бәйдібек ата», «Боралдай», «Қарақуыс», «Иқан су» сияқты стратегиялық маңызы бар нысандар іске қосылған жағдайда өңірдің суармалы жерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 120,3 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Бұл Түркістан қаласы аумағындағы өңірлерде ағын су мәселесін түбегейлі шешпек.
— Су ресурстарын басқару ісіне халықаралық қаржы тарту көзделген. «Ислам даму банкі» арқылы алғашқы кезеңде құны 73,6 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Ал, екінші кезеңде 120 жобаға жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, ұзындығы 4265,4 шақырымды құрайтын 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76 пайыздан 50 пайызға төмендейді. Бұл жобалар жүзеге асса, қосымша 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі пайда болады, — дейді сала мамандары.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде су тапшылығын еңсеру үшін су үнемдеу технологиялары да белсенді түрде енгізіліп жатқан жайы бар. Соңғы екі жылда 55 мың гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 59 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары 216,3 мың гектарға енгізілмек.
— Су тапшылығы қатты сезілетін Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында жоспардан тыс 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, Отырар ауданындағы мақта шаруашылығына қытайлық компания арқылы 32 мың гектарға жаңа технология енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында шөлейттену мен қуаңшылық ауыл шаруашылығына кері әсер етіп отырғанын жазған болатынбыз.