«Бүгін – Ұлттық валюта күні. Ұлттық валютамыздың енгізілгеніне 30 жыл болды. Теңге қолданысқа енгізілгеннен бері 56 есе құнсызданыпты. Оның келешегі туралы не айтасыз? Әлі де құнсыздана бере ме, әлде теңге нығаятындай факторлар пайда болып келе жатыр ма?», - деп сұрады журналист.
Министрдің сөзінше, теңге бағамына алдағы үш жылдың бедерінде ғана болжам айтуға болады.
«Теңге құнына байланысты болжамға келсек, үш жылдық бюджетте оны 460 теңге деңгейінде белгіледік. Жалпы теңге құны тұрақты болады деп болжап отырмыз», - деді Әлібек Қуантыров.
БАҚ өкілі Ресей рублінің құбылуы, санкциялардың салқыны бұл болжамды қаншалықты өзгертуге қауқарлы екенін сұрады.
«Былтыр сіз айтып отырған геосаяси жағдай пайда болғанда біз бюджетті нақтылап, қайта бағдарладық. Себебі макроэономикадағы сыртқы факторлар бізге әсер етті. Яғни, бюджетке тиісті өзгерістер енгіздік. Содан кейін әлеуметтік-экономикалық дамудың 5 жылдық болжамына да тиісті түзету жасадық. Демек, ондай құқығымыз бар. Керек болып жатса, тағы істейміз. Оған қажет резервіміз бар», - деді Ұлттық экономика министрі.