Айтулы күнге орай, ел ағасы жерлестерімен кездесіп, ыстық ықыласқа бөленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен шарада атпал азаматтың ерен еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі сөз болды. Еңбекпен есейіп, талаппен қанатын қатайтқан қайратты ердің өмір жолы жастарға үлгі етілді.
Айта кетейік, қараша айында дүние есігін ашқан атпал азамат қарапайым ауыл шаруашылығы саласының маманы бола жүріп, білімі мен біліктілігінің арқасында қызмет сатысында жоғары көтерілді. Бірнеше ауданды басқарды. Халық қалаулысы бола жүріп те елді қолдайтын, мүддесін ойлайтын пәрменінен айырылған жоқ. Депутат ретінде тіл мәртебесі, жер мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Алқалы жиында сөз алғандар Қуаныш Айтахановтың азаматтығын, қайраткерлігін тілге тиек етті. Дара тұлғасы мен білім-парасатын кейінгі толқынға үлгі етті. 70-ке келіп, кемелденген ел ағасының кейінгі толқынға айтар жалғыз өсиеті - адалдық. Сонымен қатар Қуаныш Айтаханұлы өзінің өмірден көрген, түйгенін бірнеше кітапқа арқау еткен. Сол дүниесін кейінгі толқынға ұсынды. Оның туындылары арнайы көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.