Қуат Хамитов «Алаш прайдтан» кеткенін хабарлады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Танымал қазақстандық спортшы Қуат Хамитов «Алаш прайд» клубынан кетті. Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

«Қымбатты достарым, «Алаш прайд» клубынан кететінім туралы ресми жариялағым келіп отыр. Енді ММА ареналарында бұл клубтың атынан шықпаймын. Клубқа барлығы үшін рахмет! Енді Қазақстан үшін шығамын, мүмкін, «Naiman team» атты жеке клубымды ашамын», - деп жазды Қ.Хамитов. Спортшы клубтан кету себебін атаған жоқ.

Бұған дейін хабарланғандай, 2014 жылдың желтоқсан айында Қ.Хамитов әлемдегі ең үздік ұйымдардың бірі - ONE FC-мен келісімшартқа қол қойып, ММА әлемдік аренасына өткен Қазақстанның бірінші спортшысы болды. ONE FС - 2011 жылы Сингапурда құрылған Азиялық спорттық ұйым.