Қуат Хамитов: Арманым - аралас жекпе-жектен Әлем чемпионы болу
Кезінде ұлттық құрама сапында талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұдан бірнеше жыл бұрын, 2010 жылы спорттық жолында шұғыл бетбұрыс жасап, аралас жекпе-жек өнеріне ауысты. Бірақ, ол бәрібір грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы болғысы келетінін көпшіліктен жасырған емес. Хамиттің жасы биыл 26-да. Сол арманы әлі көкейінде ме? ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына Қуат Хамитов аралас жекпе-жектен «Дала батырлары» Халықаралық турнирі қарсаңында былай деп жауап берді:
«Негізінде мен бала кезімнен Олимпиада чемпионы болсам деп армандадым. Кейін, өсе келе, мына Қайрат досым екеуміз (Қайрат «Қазақ» Ахметов - ред.) Грек-рим күресі бойынша Қазақстан құрамасында бірге өнер көрсеттік. Барлығын көрдік. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Сонымен қатар, біз бала кезімізден осы ережесіз жекпе-жекті де көріп өстік. Кейін, спорттың осы түріне ауысқан соң, ережесіз жекпе-жектің шыңдарына қол жеткізсек деп армандадық. Сол арманымыз Олимпиада чемпионы болсақ деген арманымыздан да асып түсті. Сол үшін біздің біржола аралас жекпе-жекті таңдаған жайымыз бар. Сондай-ақ, біз Қайрат екеуміз бала кезімізден бір-бірімізге: «Екеуміз бір күнде Әлем чемпионы болсақ» деп армандайтынбыз. Міне, сол арманымызға қол жеткізуге бір қадам қалды. Ертеңгі дүбірлі жарыста топ жарып, Әлем чемпионы атансақ, бұдан кейін де әлемдік ареналарда басқа нұсқалар бойынша Әлем чемпионы болуға ұмтыламыз. Оған біз қалайда қол жеткіземіз! Еліміз алдында ант етеміз», - деді Қуат Хамитов.
Айта кетелік, ертең 23 қарашада Алматы қаласында аралас жекпе-жектен «Дала батырлары» Халықаралық турнирі өтеді. Онда тұңғыш рет «Alash Pride FC» нұсқасы бойынша үш салмақ категориясында Әлем чемпионы атағы үшін үш белбеу сарапқа салынады. Олардың біреуіне үміткер - Қуат Хамитов.
Ертеңгі турнирде Қуат бразилиялық Тиаго Луиз «Нигао» До Насчиментомен кездеседі.
Сонымен, қарсыластардың таныстырылымы мынадай:
Қуат «Найман» Хамитов
Қазақстан, Алматы қаласы, «Alash Pride KZ» командасының мүшесі
Туған жері: Алматы облысы, Алакөл ауданы
Жасы: 26-да
Бойы: 175 сантиметр
Салмағы: 70 келі
Сайыстық көрсеткіші: 17-3-0
Атақтары: Грек-рим күресі бойынша спорт шебері; Аралас жекпе-жектен «Bushido FC 47» Халықаралық турнирінің екі дүркін чемпионы, (Англия, Қазақстан); Аралас жекпе-жектен SFL нұсқасы бойынша Халықаралық турнирдің жеңімпазы, (Үндістан, 2013ж.); Аралас жекпе-жектен «Alash Pride FC» «Alem Alyby» Халықаралық турнирінің жеңімпазы, (2013 ж.); Аралас жекпе-жектен RUFF нұсқасы бойынша Халықаралық турнирдің үш дүркін жеңімпазы, (Қытай, 2014ж.).
Тиаго Луиз «Нигао» До Насчименто
Бразилия, Белем қ., «Team Machido» командасының мүшесі
Жасы: 31-де
Салмағы: 70 келі
Бойы: 180 сантиметр
Сайыстық көрсеткіші: 7-4-0
Атақтары: Каратэ бойынша Бразилия чемпионы, Джиу-джитсу бойынша Бразилия чемпионы; Аралас жекпе-жектен «Самбишн-файт» нұсқасы бойынша Халықаралық турнирдің жеңімпазы; Аралас жекпе-жектен «Combat» Халықаралық турнирінің бірнеше дүркін чемпионы, (2010-2014 жж.); Бразилиялық джиу-джитсу бойынша қара белбеу иегері; Бразилияда аралас жекпе-жек бойынша 10 үздік сайыскердің бірі.