Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
«Еңбек саласындағы ахуалға жасалынған талдау барысында еліміздегі жалақы бойынша берешектің жартысы «Қуат» корпорациясына тиесілі екен. Мәселен, 2010 жылғы желтоқсан айында осы кәсіпорынның жалақы бойынша берешегі 1,7 млрд. теңгені құраған. Бұл ретте, шамамен 20 мың жұмысшының құқықтарына нұқсан келтірілді»,-деді ресми өкіл.
Бас прокуратура осы мәселені шешу мақсатында ел Үкіметімен бірлесіп тиісті шараларды қабылдағанына тоқталған ол: «Атап айтқанда 3 млрд. теңге Үкіметтің резервінен қарастырылды. Себебі «Қуат» корпорациясы Алматыдағы Шығыс айналма жолын салу барысында мемлекеттің пайдасына жер телімдерін сатып алған болатын. Ал қазіргі кезде бұл жер телімдері мемлекеттің балансында»,-деді.
Яғни, аталған корпорацияның Шығыс айналма жолының құрылысын салған кезде 3 млрд. теңгеден астам сомадағы шығыстарын өтеу қамтамасыз етілді.
«Енді осы келіп түскен шығыстар өтемақы ретінде «Қуат» корпорациясының жұмысшылары алдындағы берешегін өтеуге бағытталатын болады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазіргі кезде 6,5 мың жұмысшыға 870 млн. теңгеден астам сомадағы жалақы бойынша берешек өтелді»,-деді Ж. Өмірәлиев.
Ал қалған 13,5 мың жұмысшыға еңбекақы бойынша берешек алдағы уақытта толығымен өтелетін болады.