Кубада азалы күн жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Куба үкіметінің өкімімен ел халқы кубалық революция көшбасшысы Фидель Кастроның қайтыс болуына байланысты тоғыз күн бойы аза тұтады, деп хабарлады Франс Пресс агенттігі.

Аза тұту сенбіде басталып,  4 желтоқсан, жексенбі күні аяқталады, деп жазды РИА Новости.

Куба революциясының көшбасшысы жұма күні Фидель Кастро 90 жасында жергілікті уақыт 22. 29-да өмірден озды. Бұл туралы оның інісі кубалық лидер Рауль Кастро мемлекеттік телеарна арқылы жария етті.

Фидель - кубалық революционер, мемлекеттік және саяси қайраткер. 1926 жылы 13 тамызда дүниеге келген. 1976 жылдың желтоқсан айынан бастап, 30 жыл бойы Куба Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы болды. Сонымен бірге, Ф.Кастро Революциялық қарулы күштердің бас қолбасшысы және Ұлттық қорғаныс кеңесінің төрағасы  қызметін атқарған. Ол 2006 жылы 31 шілдеде денсаулығының сыр беруіне байланысты өз міндетін Мемлекеттік кеңес пен Министрлер кеңесінің басшысы қызметін өз інісі Рауль Кастроға тапсырды.