Құбыр жарылуы жедел қалпына келтірілді

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Елорданың Алматы ауданында, Абай даңғылының қиылысында кеше сенбі күні сағат 16.30-дың шамасында магистральдық су құбыры жарылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Төтенше оқиғаның салдарынан Абай даңғылында және онымен қиыласатын Бейсекбаев, Брусиловский, Жұбанов, Кенесары, Ломоносов, Пушкин, Сембинов, Сейфуллин, Толстой, Янушкевич, Күлтөбе көшелерінде барлығы 26 көпқабатты үй сусыз қалды.

Апаттың салдарын жою түні бойы жүргізіліп, 3 шілдеде сағат 04.29-да су жүйесі қалпына келтірілді. Төтенше оқиғаның салдарын жоюға «Астана су арнасының» арнайы бригадасы: 28 адам және 9 техника жұмылдырылды.