Құбырдан мұнайгазконденсаты шикізатын ұрлап, 18,7 млн. теңге залал келтірген азамат жазасын алды - БҚО
Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, М.Қажипанов 2009 жылы шамамен қыркүйекте Қарашығанақ-Атырау құбыры жүйесінің «Қарашығанақ өңдеу кешені-Үлкен Шаған-Атырау» құбырына заңсыз ойып кіру көзінің барлығы жөнінде білген. Осыдан кейін-ақ «іске кірісіп», мұнайгазконденсат шикізатын құбырдан қымқыру мақсатында, 2009 жылғы 07 қыркүйекте М.Қажипанов өзін «QТК GROUP LTD» ЖШС директоры ретінде таныстырып, жүкті автокөлікпен тасымалдау үшін «Амрита» ЖШС-мен жалға алу келісімшартын жасасқан. Соған сәйкес ол 2009 жылғы қыркүйек-қараша айлары аралығында «КамАЗ» маркалы автокөлігімен аталған құбырдың заңсыз ойылған көзінен алынған мұнайды тасымалдауды жүзеге асырған.
Осылайша М.Қажипанов 288359 тонна мөлшеріндегі мұнайгазконденсат шикізатын ұрлап, «ҚПО б.в.» компаниясына 18,7 млн. теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Мұнымен қоймай, ол өзін «QТК GROUP LTD» ЖШС басшысы ретінде таныстырып, «Орал мұнайхимия компаниясы» ЖШС директоры М.Асановпен шикі мұнайды сақтау келісімшартын жасасқан. Сөйтіп 288359 тонна шикі мұнайды сақтауға тапсырған.
Ақыры ол «QТК GROUP LTD» ЖШС директоры ретінде, заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру мақсатында, ұрланған шикі мұнайды ҚР аумағында орналасқан бірнеше ЖШС-ге сатқан. Сонымен, М.Қажипанов жалған келісімшарттар, жөнелтпе құжаттар, орындалған жұмыстарға жөнелтпе құжаттар, мұнай өнімдерін қабылдау-тапсыру актілерін, құю актілері және шот фактураларды дайындау, «QТК GROUP LTD» ЖШС жалған мөрін пайдалану арқылы 288359 тонна мөлшеріндегі мүлікті заңдастырып алған
Орал қалалық сотының үкімімен М.Қажипанов ҚР ҚК 175-бабы 3-бөлімі «б» тармағы (ұрлық), 193-бабы 3-бөлімі «в» тармағы (заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру), 182-бабы 1-бөлімі (мүліктік залал келтіру), 325-бабы 1-бөліміне (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) сәйкес кінәлі деп табылып, 3 жыл сынау мерзімімен, 4 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылды.
Сот бұған қоса М.Қажипановтан «ҚПО б.в.» пайдасына 288359 тонна мөлшеріндегі жалпы сомасы 18,7 млн. теңгенің шикізатын өндіруге үкім етті.