Індет жайлап, кең етек алғалы бері полиция қызметкерлерінің де біршама жұмыстары арта түсті. Әр тұрғынның денсаулығына алаңдап жүрген ордабасылық тәртіп сақшылары аудандағы тамақтану орындарына, сауда үйлеріне, азық-түлік дүкендерінде, адам көп шоғырланатын орындарда карантин талабының сақталуын қатаң қадағалауда.
Осындай кезекті рейд барысында Ордабасы ауданы көлемінде карантин режимінің талаптарын сақтамау бойынша мамыр айының екінші жартысында 9 жайт анықталды.
Атап айтқанда Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан тойханалардың бірінде 70-ке жуық адам жиналып, құдалық тойы өткізген.
Ал Бөген ауылында жергілікті тұрғын өзінің үйіне 50-ден астам адамды жинап, беташар тойын жасағаны белгілі болды.
Сондай-ақ Бадам ауылындағы тойхананың бірі 80-ге жуық тұрғынды жинап, бесік тойын өткізген.
Оларға қатысты түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша тиісті материалдар топталып, құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Ордабасы аудандық СЭББ-ге жіберілді.
Түркістан облысы полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді.