Күдебаевтың шекарадан қалай өтіп кеткені белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Серік Күдебаевтің Қырғыз еліне қалай өтіп кеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол шекарамыздан тыс жерден Қырғыз мемлекетіне өтіп кеткен. Шекараға жеткізген көлік жүргізушісіне оның мұндай әрекетке баратыны белгілі болмаған. Сол себепті өзі ғана жауапқа тартылып жатыр. Ол (Күдебаев) шекараның өткізу пунктінен өтпеген. Кеген ауданында шекара темір торының астын көтеру арқылы өтіп кеткен», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, осы жайтқа байланысты Серік Күдебаевтың үстінен мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қосымша қылмыстық іс қозғалған.

Еске салайық, Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша 10 жылға сотталған болатын. Бірақ ол сот үкімімен келіспей, апелляцияға берді.