Күдікті полиция бөлімінің бесінші қабатынан секірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Челябі қаласында Курчатов аудандық полиция бөлімінде болған оқыс оқиғаның мән-жайы тексерілуде.

Осында тонау мен азаматтарға шабуыл жасау фактісі бойынша ұсталған күдікті қашуға әрекеттенген. Ол бесінші қабаттағы терезенің шынысын сындырып, жерге секірді.

Челябі облыстық ІІМ ММ баспасөз қызметінен хабарланғандай, түрлі деңгейде жарақаттанған, бұрын сотталған 20 жастағы күдікті қалалық ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде. Егер тәртіп сақшыларының бұл әрекетке қатысы бар екені анықталса, олар қатаң тәртіптік жазаға тартылмақ. Тіпті жұмысынан айырылуы да мүмкін, деп жазады Росбалт.