«Күдікті 15 минутта табылды»: Алматы полициясы ұлттық бейнебақылау жүйесін енгізеді

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұлттық бейнебақылау жүйесін енгізуге дайындық жұмыстарын бастады.

Полиция департаментінің мәліметінше, бүгінгі таңда қалалық бейнебақылау жүйесін нақты уақыт режимінде басқаруға, болып жатқан оқиғаларға жедел ден қоюға, сондай-ақ адамды тану функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық бейнебақылау платформасы құрылған. Жүйе департаменттің Жедел басқару орталығының оқиға картасымен біріктірілген.

— Қызметтік аналитиканы пайдалану — жасанды интеллект арқылы қауіпсіздіктің жаңа стандарты және ұлттық бейнебақылау жүйесін құру жолындағы маңызды қадам.

Камерааралық бақылау функциясы іздеуде жүрген адамдардың ғана емес, көліктердің де қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, жүйе көлік қозғалысын бақылайды, «көрсетілген» нысандарды іздейді, автотұрақ ережелерін бұзуды және қорғалатын аумаққа кіруді тіркейді, — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Жүйенің тағы бір ерекшелігі — қажет болған жағдайда жеке адамдарды анықтай алады.

Мысалы, 2024 жылдың наурыз айында адамды тану жүйесіне ұрлық жасағаны үшін күдікті болған А. есімді азаматты тіркеген. Нәтижесінде күдікті оқиға болған сәттен бастап 15 минут ішінде ұсталды.

Жалпы осы жылы бет-әлпетті тану жүйесінің көмегімен 9 қылмыскер анықталып, ұсталған.

2023 жылы күзет және өрт дабылдарын жаңғырту жобасы аясында қалалық білім беру нысандарында 21 мыңнан астам бейнекамера ауыстырылып, дүрбелең түймелері мен турникет орнатылды.

Бұл құрылғылардың барлығы Бірыңғай бейнебақылау жүйесімен біріктірілген.

Биыл жыл соңына дейін Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 10 мыңға жуық қалалық бейнекамераны қосу жоспарланып отыр.