Күдіктіні ұстауға қатысты заңнамаға түзетулер енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Енді ұсталған азаматтың құқықтары оған бірнеше сағаттан кейін емес, дәл ұсталған сәтінде айтылуы тиіс. Жаңа Конституциядағы өзгерістер бұған кепілдік береді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, ұсталған адамды құқықтары туралы хабардар ету қағидатын Конституция деңгейінде бекітудің маңызы зор. Бұл қағидат халықаралық тәжірибеде «Миранда ережесі» ретінде белгілі.
– Мұндай міндет Қылмыстық процестік кодексте бұған дейін де қамтылған. Алайда құқықтар дәл ұсталған сәтте түсіндірілмеген. Бұдан былай Конституцияға сай, адамның құқықтары бірнеше сағаттан кейін емес, дәл ұсталған сәтте айтылуы тиіс. Оны іске асыру үшін салалық заңнамадағы адамды ұстау тәртібін реттеу және оған процестік құқықтарын түсіндіру нормасына түзетулер енгізу қажет, - деді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылатыны айтылды.