Құдыққа түсіп кеткен Астана тұрғыны өзін құтқарғандарды іздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 жастағы оқушы қаза тапқан маңайда ашық тұрған құдыққа түсіп кеткен Астана тұрғыны оны шығарып алған адамдарды іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жанара Қожабергенова аяғын ауыртып алған, ол телефон арқылы болған оқиға туралы айтып берді.

«25 қарашада баламмен бірге әпкемнің үйіне қонаққа бара жаттым. Күндіз сағат 2-лер шамасы еді, Айнакөл көшесі мен Қордай көшелерінің қиылысында  жолдан өтіп бара жаттым. Сол күні күртік қар болды, мен ұлымның қолын жіберіп, оның капюшонынан ұстап келе жаттым. Кетіп бара жатқанда мен жердің астына түсіп кеттім. Қатты шошыдым. Көмекке адамдарды шақыра бастадым. Қасымнан көліктер өтіп бара жатты, олар мені көрді. Бірақ, ешкім көмекке келген жоқ. Алыстан мені баласымен бірге келе жатқан әйел байқап қалып, жүгіріп келді. Тағы бір қыз көмектесті. Олар мені тартып шығарып алды. Оларға алғысымды айтып, кейін 109 қызметіне жіберу үшін суретке түсіріп алдым», - дейді әйел.

Жанара Қожабергенова құтқарып қалғандарды іздеп жатыр. Ол өз нөмірін әлеуметтік желіге жариялаған.

Оның айтуынша,  үш рет «109» қызметіне хабарласқан.

«Үйге келіп, «109» нөміріне ашық тұрған люк туралы хабарладым. Олар адамдар жіберетінін айтты. Мен олардан қай жерде екенін көрсету үшін маған байланысуларын сұрадым. Бірақ, олар қайта хабарласқан жоқ. Тағы да өзім хабарластым, маған қайта байланысатындарын тағы да айтты. 17.00-ден кейін осы жолмен үйге келе жатып, құдықтың бетін қар жауып қалғанын байқадым. Құдыққа тағы біреу түсіп кетеді ме деп уайымдадым. Үшінші рет «109» нөміріне осы мәселемен хабарластым. Кешке полициямен бірге оқиға болған жерге бардық», - дейді әйел.

Астана полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл факті Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тіркеліміне тіркелген. ҚР ҚК 306-бабы «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қажетті сараптама тағайындалды.