Гүл қою рәсімінің алдында сөз сөйлеген белгілі тарихшы Хангелді Әбжанов қуғын-сүргін мағынасын тек белгілі бір жылдармен шектемей, отарлық-тоталитарлық дәуірдің барлығы деп түсіну қажеттігін айтты.
- Бүгін тарихымыздағы ең қаралы күндерді еске алып отырмыз. Қуғын-сүргін дегенде көбіне біз 1937-1938 жылдарды айтамыз. Ол дұрыс емес. Өйткені отар елдің тарихы қашан да қанмен жазылған. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Амангелді - бұл тұлағалар қуғындалған жоқ па сонда? Біз тарихи өрісімізді кеңейтіп, бүкіл отарлық-тоталитарлық дәуірді қуғын-сүргін тоны деп есептеуіміз. Қазір осы мәселеге бетіміз бұрылып жатыр, комиссия жұмыс істеді. Комиссияның ізденістері 51 том болып жарияланды. Әлі 20 том жарияланады. Бұрын түсімізге де кірмеген құжаттарды қолымызға ұстадық. Қасірет әкеге де, анаға да, балаға да түскен екен. Оған төтеп берген қазақ деген халық өлген жоқ. Өлсе де, тірілді, - деді тарихшы.
Сондай-ақ ол қуғын-сүргін тақырыбын көтергенде қазақ зиялыларын ақ пен қараға бөліп, ел үшін өмірін арнаған тұлғаларды қараламауға шақырды.
- Қуғын-сүргін тақырыбын қозғағанда өз халқымыздан жау іздемесек. Өйткені бүгінде Сәкенді, Тұрарды Әлекеңе қарсы қоятындар көбейіп кетті. Оларды ату аз деп жүргендер бар. Не деген сұмдық. Біреуі қызылдарды қолдаса, біреуі қарсы болды. Бірақ барлығы халқы үшін қызмет етті, бүкіл өмірін халқына арнады. Өмірде олар идеялық жағынан келіспесе де, түпкі арман-мақсаты бір болатын. Әлекең 1937 жылы түрмеге қамалғанда “мен де, Ахмет Байтұрсынұлы да, Тұрар Рысқұлов та, Сәкен Сейфуллин де - бәріміз ұлтшылмыз, бәріміз алордашымыз” деп айтқан. Ұлт көсемінің осы сөзін үгіт-насихатымыздың да, ғылыми зерттеуіміздің де іргетасына алсақ жаман болмас едік, - деді Хангелді Әбжанов.