Қуыршақ театрында «Орман ғажайыптары» қойылымының премьерасы өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ұлттық кітап күні мерекесі аясында Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театрында «Орман ғажайыптары» қойылымы сахналанды.
Қуыршақ театрының ұжымы көрермендерге белгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің «Кішкентай сиқыршы» повесі желісімен сахналанған «Орман ғажайыптары» спектаклін ұсынды.
Қойылым режиссері Антон Зайцевтың сөзінше, балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма – жақсылық пен зұлымдық, батылдық пен мейірім, адалдық пен ізгілік тақырыптарын қозғайтын ойлы туынды. Ертегі кейіпкерлерінің сахнаға шығуы – кітапқа деген сүйіспеншілікті жаңа деңгейге көтерудің жарқын үлгісі болды.
«Орман ғажайыптары» қойылымының оқиға желісі көне кітапхана ішінде өрбиді. Бір қарағанда шаң басқан, ұмыт қалған томдар. Алайда дәл осы тыныш әрі тылсым кеңістікте шексіз қиялға жол ашатын сиқырлы әлем басталады. Бұл жай ғана оқиға емес – бұл ертегілер әлеміне ашылған есік, әр парағы жұмбақ пен ғажайыпқа толы кітаптардың әлеміне саяхат.
Қойылымның басты идеясы – балаларды кітап оқуға баулу, олардың бойында оқу мәдениетіне деген қызығушылықты ояту. Сахнадағы оқиғалар арқылы кітаптың тек қағаз бен әріптер жиынтығы емес, нағыз тірі кейіпкерлерге толы сиқырлы дүние екенін көрсету көзделген.
— Ұлттық кітап күні – бұл рухани байлыққа бас иетін, әдебиеттің құдіретін дәріптейтін ерекше күн. Мемлекеттік қуыршақ театры бұл мерекені кітап пен театр арасындағы алтын көпірді жалғау арқылы атап өтуді жөн көрді, - дейді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.
Сондай-ақ Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесіп, театр фойесінде балаларға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, еліміздегі оқырманы ең көп 100 кітап анықталатын болды.