Құқығы бұзылған алматылық тұтынушылар биыл 300 млн теңге қайтарып алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - 2024 жылдың басынан бастап Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардан келіп түскен 6000-ға жуық шағым-өтініштерді қараған. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев хабарлады.
Оның айтуынша, түскен өтініштер негізінде 40 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде тұтынушыларға 303 239 531 теңге қайтарылды. Ал заң бұзушыларға 168 әкімшілік жаза тағайындалды.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев ең көп тараған заң бұзушылықтар: тұтынушылардың талаптарына уақытылы жауап бермеу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңнамада белгіленген сауда үстемесін бұзу екенін атап өтті.
«Келіп түсетін өтініштердің негізгі үлесі бөлшек сауда және электрондық сауда саласына қатысты, оны департамент жүйелі түрде қарайды. Сонымен қатар, «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында азық-түлік қауіпсіздігі сапасының сәйкестігін анықтау үшін шетелдік өндірушілердің 66-ға жуық өнім атауын сатып алып, тамақ өнімдерін сынау зертханасына сараптама жүргізуге жіберілді. Нәтижесінде 24 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда пара туралы хабарлағандарға 4 млн теңгеден астам сыйақы берілгенін жазған едік.