Құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметі қалпына келтіріле ме – Бектенов жауабы

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметі қалпына келтіруге қатысты сауалына жауап берді.

- Бүгінгі таңда Үкімет кеден жүйесінің ашықтығын арттыруға, цифрландыруға және кәсібилендіруге, бюджеттің толығып тұруын қамтамасыз етуге және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі саясат жүргізіп жатыр. Жазылғандарды ескере отырып, құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметін қалпына келтіру мәселесі қазіргі уақытта басымдық ретінде қарастырылмайды. Өйткені мемлекеттік кірістер органдарының қазіргі құрылымы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бақылау және халықаралық өзара іс-қимыл жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Үкімет процестерді одан әрі жетілдіруге, кадрлық әлеуетті нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кедендік әкімшілендіру саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастыратындығына назар аудартады.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кеден қызметінің қадағалау функциясын кеңейтуге Бас прокуратура қарсы болып отырғанын айтқан еді.