Құқық қорғаушы – шекпен емес, ар киетін адам - Бибігүл Жексенбай
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты, Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіндегі сөзіне қатысты пікір білдірді.
- Қазақстанның ең басты байлығы – тыныштық. Ал тыныштықты күзетіп жүргендер – полиция мен құқық қорғау қызметкерлері. Полицейлер - қауіпсіздік күзетінде жүрген қайсарлар. Президент полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бұл – құрғақ мақтау мен марапат үшін емес, құрмет пен сенімнің белгісі. Себебі олар – ел ішінде болып жатқан тыныш өмірдің күзетшілері. Ал сол тыныштық кездейсоқ келген жоқ. Отыз жылда жүздеген полиция қызмет бабында мерт болды, мыңдаған құқық қорғаушы жарақат алды. Есесіне, елде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны тек 2019 жылдан бері 2 есе азайыпты. Тонау мен қарақшылық – 4 есе, кісі өлтіру – 30%, қоғамдық орындардағы қылмыс 80% азайған. Бұл – бір күннің жұмысы емес. Бұл – бейбіт күн майданындағы көрінбейтін күрестің жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру – барша азаматтың құқығын қорғаудың негізі», – деді. Бұл бос сөз емес. Бұл – Мемлекет басшысының ұстанымы, - деді Б. Жексенбай.
Сонымен қатар сенатор қазақ қоғамында әйел мен бала әлсіздігін емес, үлкен қамқорлықты сезінетіндей жағдайда болуы керек екенін атап өтті.
- Жаза қатайды. Бір жылда қабылданған заңның нәтижесінде отбасылық қылмыс 30 пайызға азайды. Бұл – қаншама еңсесі езілген ананың күрсінісі мен қаншама баланың көз жасы тыйылды деген сөз. Бұл – жақсылықтың басы. «Қазақстан балалары» арнайы бағдарламасы – ұрпаққа қамқорлықтың жаңа кезеңі. Біз ұрпақты қорғамасақ, келешек те қорғансыз қалады. Нашақорлық – жас ұрпақтың жауы, ұлт келешегінің құрты. 2025 жылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылған. Есірткі өндірушіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бірақ мәселе жазада емес, жастарды сақтап қалуда, - деді депутат.
Сонымен қатар сенатор көлеңкелі экономикаға қатысты пікір айтты. 2019 жылдан бері көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 23%-нан 16%-на дейін азайды. Бұл – заңды бизнеске жол ашу, адал кәсіпкерді қорғау. Енді саяси жүйедегі жаңа тәсілдер осы әділеттікті тереңдетуі керек.
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Шындық осы. Тәртіп болмаса – тәуелсіздік баянсыз. Тәртіп болмаса – экономика тозады. Тәртіп болмаса – адам тағдыры тәлкекке түседі, намысы тапталады. Сондықтан тәртіп – енді тренд. Бұл – ұран, насихат қана емес, әр саналы азаматтың ұрпаққа көрсетер үлгісі. Заңсыздықпен күрес тек жазалау арқылы емес – оның алдын алу арқылы болуы керек. Президент «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» арнайы заңды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Бұл – тек қылмыспен күресу емес, оның алдын алуға бет бұру. Полицияны жазалаушы емес, кеңесші, қорғаушы-қамқоршы ретінде көру – жаңа ұстаным. Цифрландыру – құқық қорғаудың құралы. Жаңа заман – цифрлық құралмен қылмыстың алдын алу заманы, - деді Бибігүл Жексенбай.
Депутат мектептерде тәрбиелік жұмысты күшейту тақырыбына да тоқталды.
- Біз ұрпаққа физика мен алгебраны ғана емес, адалдықты, заңға құрметті үйретуіміз керек. Шын ұлт – заңды сыйлайтын қоғамнан басталады. Құқық қорғаушы – шекпен емес, ар киетін адам. Заң мен тәртіп – билікке емес, халыққа қызмет ету жолы. Тәртіп болған жерде әділет болады. Әділет болған жерде – сенім, ал сенім – ұлттың тірегі. Қазақстан – заң үстемдігі орнаған, тәртіпті, қауіпсіз мемлекет болуы тиіс. Бүгін сол жолдағы әрбір қадам – ертеңгі ұрпақ үшін іргетас, - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек екенін айтты.